«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес әліппесін мектептен үйрену

2016 жылғы 30 Қараша
- Жамбыл облысы
8668 просмотров

Мектеп оқушысы өз жобасын оқу бағдарламасына енгізгісі келеді

«Мектеп оқушылары бизнес негіздері туралы білімге мұқтаж», – деп санайды Тараз қаласындағы №24 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Сәбина Құснытдинова. Бойжеткен сабақтан тыс кезде қолданбалы өнермен айналысып, киізден кәдесый жасайды. Әзірге мұнысы тек әуестік қана, бірақ осы сүйікті ісін табыс әкелетін бизнеске айналдырсам деген арманы бар.

Ісін бастағысы келетін кәсіпкер ең алдымен өзі шығаратын тауарға нарықта сұраныс бар ма, жоқ па, соны анықтауы керек. Осы мақсатпен оқушы қыз әлеуметтік желілерде сауалнама жүргізіп, тапсырыс берушілермен тікелей байланыс орнатады, солардың сұранысына сай кәдесый жасауды бастайды. Бүгінгі таңда ол осы кәсіптен аз-кем табыс таба бастады.

Бойжеткен жасайтын тауарлар «Золотой Караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймердің назарына түседі, сөйтіп екеуі келісімшарт жасайды. Енді тараздық оқушының қолынан шығатын кәдесыйлар осы облысқа келетін туристерге сатылады.    

«Мен сияқты адамдар Таразда көп, бірақ олардың бәрі сүйікті ісін бизнеске айналдыра білмейді. Өйткені, мектепте бизнес туралы жеткілікті білім берілмейді. Егер біз бизнестің негіздерін партада отырғанда үйрене берсек, онда студент кезімізде өзіміз ақша тауып, ата-анамызға көмектесер едік. Осы ой мені ғылыммен шұғылдануға итермеледі, нақты айтқанда өзімнің алғашқы «Адам капиталы, оның дамуы мен келешегі» деген ғылыми жобамды жаздым, жобаға біздің мектептің тарих пен құқық пәндерінің мұғалімі Елена Семенова жетекшілік етті. Жобаның мақсаты – адам капиталының дамуын мектеп бағдарламасы аясында зерттеу, әрі кәсіпкерліктің негізін зерделеу», – дейді Сәбина. 

«Сәбинаның жобасымен танысқан кезде оның сапасына риза болдық, зерттеуге көп уақыт бөлгені көрініп тұрды. Осы жобаны мектеп бағдарламасына енгізу керек деген ойды біз де қостаймыз. Енгізу актілерін жасап, оларды жауапты мемлекеттік органдарға жіберіп қойдық. Бағдарлама мақұлданып, бизнес шынында да мектеп қабырғасында оқытыла бастаса, бұл жақсы нәтиже берер еді», – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Талғат Ахымбетов.    


Еншілес ұйымдар

Серіктестер