«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Фьючерстік шарт болса, отандық өндірушілер сапаны қамтамасыз етуге әзір

2016 жылғы 28 Желтоқсан
12898 просмотров

Араб кәсіпкерлері қазақстандық тауар жеткізушілермен фьючерстік шарттар аясында жұмыс істеуді жоспарлауда

Араб елінің трейдерлік өкілі Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне зор қызығушылық танытса, жергілікті шаруа қожалықтары алыс-беріс бағасын қазірден белгілеуді сұрауда 

Қазақстандық ауылшаруашылық кәсіпорындары, жасымық сияқты бұршақтұқымдас дақылдарды сатып алуда өзара уағдаластық баптары алдын ала айқындалар болса, Біріккен Араб Әмірліктерінің белді сауда компаниясымен ынтымақтастық орнатуға, қажетті өнім көлемін жеткізуге құлшынып отыр.

Өз кезегінде, «EMCO International» компаниясының басшысы Атик Ансари мырзамен жүздесуді ашқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Рүстем Құрманов, Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) экспорт мәселесінде қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізіп, әріптестерін шараға белсенді атсалысуға шақырды. Әмірліктердегі шетелдік сауда компаниясы бұршақ, астық және майлы дақылдар сынды ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға мүдделі.  

«EMCO International 1992 жылы іргетасы қаланған, Дубай қаласында орналасқан жетекші сауда үйі болып саналады. Кәсіби құрамдағы іскер команда 30 жылдан астам бай тәжірибеге ие. Қант, күріш, түрлі дәндер, жаңғақ тәрізді ауыл шаруашылығы азық-түлігін саудалауда кең желісі бар олар бізден негізінен бұршақтұқымдас дақылдар қабылдауға ынталарын байқатуда. Бүгінде аталған компания тек БАӘ аумағымен шектелмей, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы қамтып, Қазақстан импортын мұқият салмақтауда. Бұған дейін «Атамекен» басшылығы сол жаққа сапар шегіп, шынайы мүмкіндіктерімен танысып қайтқаны белгілі», – деп атап өтті кіріспе сөзінде Рүстем Құрманов.

Анығырақ тоқталсақ, таяуда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне іссапарында Қазақстан фермерлерін фьючерстік келісімшарттар арқылы қаржыландыруды ұсынғаны аян. Мысалы, жасымық Үндістанға Әмірліктер арқылы Канада елінен жылына 2 миллион тонна көлемінде жеткізілуде екені біраз кәсіпкерлерге ой салары анық. Ал дәл сол Канадаға жасымық өнімі бірнеше жыл бұрын мүлде бейтаныс болғанымен, дүниежүзіндегі мұқтаждықты тез аңғарған ол жақтың белсенді кәсіп иелері маңызды бағытты тез қолға алып, қазір көшбасшылық орынға шыққан. Енді аталған экономикасы гүлденген араб елі қазақстандық жасымықты сараптамаға жіберуді өтінуде.

«Араб Әмірліктері шағын ғана ел болғанымен, логистикалық инфрақұрылымы мен қаржылық мүмкіндігі қуатты есептеледі. Былайша айтқанда, Таяу Шығыс аймағының сауда хабы іспетті. Сонымен, тақырыпқа тікелей ойыссақ, 2011 жылы БАӘ астық-бұршақ өнімдерін 500 млн долларға сатып алып, содан бері оның импорты жыл сайын өсіп келеді. Жалпы әлемде бұл дақылдарды тұтыну қарқыны көтерілуде. Себебі ақуыздың қайнаркөзі осы өсімдік түрлерінде», – деп атап өткен Атик Ансари мырза қазақстандық тараптың да экспорттық әлеуетін лайықты бағалайтындарын мәлімдеді. Мәселен, аталмыш араб трейдері қажетті нарыққа ресейлік өндірушілердің шығуына септігін тигізген. Нәтижесінде Ресей қазіргі уақытта астық-бұршақ дақылдарын жеткізуде дүниежүзі бойынша алтыншы орыннан көрінуде. 

Селекторлық тәртіпте өткен кеңеске өңірлер де байланысқа шықты. Жиын барысында ынтымақтастық қырлары, баға мен көлем, логистика жайы сияқты нақты өзекті жайттар қызу талқыланды.

«Аймақтық астық холдингі» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің коммерциялық директоры Қайрат Әлібековтың жиында  араб трейдерінің өнімнің әр тоннасына бекітетін баға жайы, кепілдік сатып алу көлеміне қатысты көтерген мәселесін отандық өндірушілер де қолдады.

«Биыл қызыл түсті жасымыққа арнап 1000 гектар егістікте дала жұмыстарын жүргізгендіктен, 700 тоннаға жуық өнімді сыртқы нарыққа ұсына аламыз. Бірақ кепілді дақыл көлемін сатып ала аласыздар ма?», – деп сауалын төтесінен қойды Қайрат Әлібеков.

«EMCO International» компаниясының жетекшісі бағаның сұранысқа сай құбылып тұратынын хабарлады. Оған дәлел, жыл басында тоннасына 700 доллар делінген жасымық өнімінің құны, ауа райының нашарлығынан түсім күрт азайған жағдайда жыл аяғында 1200 долларға қымбаттаған.

«Фьючерстік шартқа отырсақ, қатты қуанатынымыз анық. Келешек ынтымақтастық көкжиегі айқындалып, алаңсыз шаруамызбен шұғылдана берер едік. Жарты ақшасы шотқа түссе, күзде өнімді ұсынуға әзірміз. Әйтпесе өнім қардың астында қалып, техника мен жанармайға қаржы жетпей қысыламыз, – деп жалғастырды Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы «Отан» кооперативінің өкілі Ермек Нұрбаев. – Көк жасымық өсірумен екі-үш жыл айналысып келеміз. Тың дақылды қолға алғанымыздың себебі, бидайға қарағанда бағасы әлдеқайда тиімді, отандық экономика да әртараптанады. «EMCO International» компаниясы құп көрсе, 5 мың тонна жасымық бізден жөнелтіліп, еңсеміз көтеріліп қалар еді. Ертең екіжақты кездесуде бәрін жақсылап ақылдасамыз».

Атик Ансари мырза, қазақстандық тауар жеткізушілермен фьючерстік шарттар аясында жұмыс істеуге дайын екендіктерін растады. Алайда, мәртебелі мейманның ескерткені, өнім сапасы стандартқа сай мінсіз болуы керек.

Кездесу қорытындысында қос жақ «В2В» сипатында жеке жүздесулер жүргізетіндеріне келісіп, байланыс деректерімен алмасты.  

Алдаберген Кемпірбаев

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер