«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Made in Kazakhstan – бренд қалыптастырудағы белес

2017 жылғы 31 Қаңтар
16949 просмотров

Отандық жеңіл өнеркәсіп үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда

«Атамекен» алаңында Өңдеу өнеркәсібі комитетінің қатысуымен «Astana Ютария ltd» компаниясы мен Түркияның «Güzelce Makina» компаниясы келісімшартқа қол қойды. Бұл отандық жеңіл өнеркәсіп үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Astana Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы» ЖШС – отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер құрған «Жасампаз» консорциумының көшбасшысы. Güzelce Makina – автоматтандырылған жоғары технологиялық тігін құрал-жабдықтарын шығаратын түріктің ірі компанияларының бірі, осы саладағы әлемдік брендтердің дилері.

ҰКП алаңында қол қойылған келісімшарт – «Жасампаз» консорциумы мен «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ арасындағы инвестициялық келісімді іске асыру жоспарының жалғасы.

Консорциум мен Ұлттық компания арасында ҚР Қорғаныс министрлігінің қажетіне арналған заттай мүліктер жеткізу туралы ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған. Шарт бойынша «Жасампаз» консорциумы өндірістерді локализациялауға арналған инвестициялық бағдарламаларды іске асырып, жаңа өндірістік кәсіпорындар құрып, сондай-ақ импорттың орнын алмастыру мақсатында проблемалық мемлекеттік жобаларды жандандыруы қажет болатын.

Қазіргі таңда ұзақ мерзімді инвестициялау бағдарламасы сәтті еске асуда. 5 жыл мерзім өткенде консорциум мүшелері өндірісті дамытуға 8 миллиард теңге бөледі. Бағдарлама мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауда және ҚР аумағында толықтай өндірістік цикл ұйымдастырғанда шикізат саласындағы қазақстандық құрамды көбейтуге бағытталған. Бағдарламына іске асыру кезінде 3500 жұмыс орны ашылады.

«Güzelce makina-ны таңдауымыздың бірнеше себебі бар. Келісімшартта құралды жеткізу ғана қарастырылмаған, шетелдік әріптесіміз жаңа өндірісті ұйымдастыру бойынша да жоба әзірлейді, консалтингтік қызметтің барлық кешенін іске асырады. Құрал-жабдықты монтаждау, іске қосу, жөндеу, қызметкерлерді оқыту, технологиялар енгізу және еңбекті ұйымдастыру Еуроодақ стандарттарына сай жүргізіледі», – дейді «Astana Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы» ЖШС бас директоры Сәуле Шәуенова.

Сондай-ақ түрік тарапы құрал-жабдықтарды толық іске қосу және оны 7 жыл бойы сервистік сүйемелдеу бойынша міндеттемелер алды.

«Ютария ltd» компаниялар тобының қаржы директоры Иван Иващенко мәлім еткендей, 8 сағаттық ауысымда 400-ге дейін ерлер костюмін шығару жоспарланып отыр.

«Жоспардағы өндірістік қуаттылық – жылына 100 мың  костюм. 2018 жылы экспортқа шығуды көздеп отырмыз, алдымен ресейлік нарыққа, кейін Еуропа нарықтарына. Жоба құны – 500 миллион теңге, оны іске асыру 125 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – дейді Иван Иващенко. Ол сонымен қатар, ерлерге арналған костюмдер шығару – тігу технологиясы бойынша ең бір бейнетті процесс екенін де айтып өтті.

Жоба толық іске қосылғанда бюджетке түсетін салық және басқа да міндетті төлемдер 35-40%-ға дейін артады деп жоспарланып отыр.

ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Думан Қыдырбаев келісімшартқа қол қою кезінде жетекші әлемдік технологиялар негізіндегі жергілікті құрамды дамытуға және қолдауға бағытталған дәл осындай келісімдер жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Егер бұрын мұндай жобалар қиял-ғажайып идея болып көрінсе, ал бүгінде олар іске асырылып жатыр. Бүгінгі оқиға – барлық отандық тауар өндірушілер үшін жақсы серпіліс. «Astana Ютария ltd» компаниясы көшбасшы болып саналатын «Жасампаз» консорцимының қызметі отандық жеңіл өнеркәсіпке ғана емес, аралас салаларға да табысты дамуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Думан Қыдырбаев.

«Güzelce Makina» компаниясының директоры Ахмет Гюзельче Түркияда ерлер костюмдерін еуропалық стандарттарға сай тігу 20-25 жыл бұрын басталғанын айтты.

«Әлемдегі ең жақсы костюмдердің Қазақстаннан шыққанын қалаймыз. Ең бастысы – жүйені іске қосу, бұл істе біз сіздерге көмектесеміз», – деді түрік компаниясының басшысы.

Мемлекеттің, «Атамекен» ҰКП мен Өңдеу өнеркәсібі комитеті қолдауының, сондай-ақ бұған дейін «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ-мен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттың арқасында «Жасампаз» консорциумының осыншалық ауқымды жобаларын іске асыруға мүмкіндік туды. Кепілдендірілген тапсырыс болса, бизнес жаңа жұмыс орындарын құрып, шығарылып жатқан өнімдердегі қазақстандық құрамды көбейте алады, ең бастысы еліміздің жалпы ішкі өнімі артпақ.

Назгүл Әбжекенова 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер