«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тараз бизнесіндегі парадокс

2017 жылғы 20 Шілде
- Жамбыл облысы
6940 просмотров

Кәсіпкер алты жыл бойы өз жеке меншігіндегі жер телімінде сауда үйінің құрылысын бастай алмай келген

Мурад Сулайманов 2006 жылы «Самал» мөлтек ауданында орналасқан пәтерінің маңынан сауда үйі кешенін тұрғызу мақсатында жер учаскесін сатып алған. Арада бір жыл уақыт өте Тараз қаласы әкімдігінің қарарымен жерді жалпы үлестік пайдалануға, пәтерін дүкенге айналдырып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген. Осылайша, кәсіпкердің пәтері мен жер учаскесі болашақта кешенге айналуы керек еді. 

Алайда, белгілі бір себептермен жоспардағы құрылыс жұмыстарының басталуы ұзаққа созылған. Сол себепті, кәсіпкер жеке меншігіндегі жер учаскесінде орын алып тұрған «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоқыс тастайтын контейнерлерін алдыртып тастауды немесе орнын ауыстыру мәселесіне оң көзбен қарап келген. 2011 жылы оның қолына тиісті құжаттар түгелімен тиген соң қоқыс мәселесін шешуге білек сыбана кіріседі. Ол үшін «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігіне барып, қоқыс жәшіктерінінің орнын ауыстыруға кәсіпкер өз әмиянынан қажетті соманы төлеуді ұсынған. Бірақ, баяғы жартас сол жартас – арбалар қозғалмаған күйде қалған. Ашынған кәсіпкер жергілікті билік өкілдерімен де, құқық қорғау органдарымен де ұзақ әрі нәтижесіз хат алмасқан. 2016 жылы комиссияның аталған жер учаскесін тексеріп, «қолайлы жер учаскесі табылмағандықтан, қоқыс алаңын бұрынғы орнында қалдыру» туралы шешім шығарған.

Әбден әбігерге санылып, 6 жыл бойы әуреге түскен бизнесмен өз құқығын қорғау мақсатында соңғы үмітті арқалап Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының көмігіне жүгінеді. Нәтижесінде 3 айдың көлемінде кәсіпкердің сары уайымына айналған мәселе жүйеленді.

«Тараз қаласының прокурорына бұл іспен жүгіндік, өтінім Тараз қаласының әкімдігіне қайта жіберілді. Қала әкімінің орынбасары өз жауабында жер иесінің өзіне тиесілі жер учаскесін өзгенің заңсыз иемденуінен қайтарып алуға, яғни «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС қоқыс контейнерлерінің С.Сулаймановтың  учаскесінен алдыртып тастауға құқылы екендігін көрсетті. Қоқыс контейнерлерінің заңсыз орналастырылғандығын мойындаған Тараз қаласының прокуратурасы бизнесменнің бұзылған құқығын қалыпқа келтіріп, қоқыс алаңын басқа жерге көшіруді тапсырды. Ал жіберілген қателіктер үшін қала әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», ­– дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бөлімінің басшысы Нұралы Ергебаев.

Бүгінде қоқыс алаңы басқа орынға ауыстырылып, кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті.

«Біз Кәсіпкерлер палатасына алғысымызды білдіреміз, – дейді сенімхат бойынша бизнесменнің өкілі Илимдар Сулейманов. – Бұндай нәтижені, шыны керек, күтпеп едік. Біздің пайымызша бұл мәселе тағы да ұзаққа созылатын  тек сот  тәртібінде ғана шешіледі деп ойладық. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінінің арқасында іс насырға шаппмай, қас-қағым уақытқа толық нәтижеге қол жеткіздік».

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер