«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Туризм күні аталып өтті

2017 жылғы 29 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
3456 просмотров

Тараз туризмінің әлеуеті зор

Жамбыл  облысының кәсіпкерлер палатасы дүниежізілік туризм күнімен Жамбыл туристік индустрия қауымдастығының өкілдері мен шетелдерден меймандарды белсенді қабылдайтын туристік агенттіктерді құттықтады.

Қазақстанның әлеуеті шетелден мыңдаған туристерді қабылдайды, сапалы қызмет көрсетіп, осылайша төрткүл дүниеге танымал болуға жетеді. Қарапайым мысал, «Экспо-2017» халықаралық көрмесін көруге үш миллион адамның келуі.

Туризм – жалпы ішкі өнімнің қалыптасуын, қосымша жұмыс орнын ашуға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал ететін, әлемдегі ең табысты бизнестердің бірі. Туристердің  арқасында жеке бизнесін де жөнге келтіріп, мол табысқа кенелген кәсіпкерлер де, қазынасына миллиондаған қаражат түсіретін  мемлекеттер де жетерлік. Ендігі кезек – Қазақстанда. 3000-нан астам туристік нысаны бар, тасын түртсең тарихы көрінетін киелі Жамбыл жерінде де бұл саланы қалыпқа келтіру мықтап қолға алынуда. Осы ретте, Кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап өңірде тұралап тұрған туризм мәселесіндегі проблемалық сұрақтарды көтеріп, шешу жолында Жамбыл туристік индустрия қауымдастығы, тур фирмалар мен жергілік атқарушы билікпен етене тығыз байланыста жұмысты ретке келтіріп келеді.

Туристік кластерді дамыту жолында арнайы жұмыс тобы құрылып, топ мүшелері аудандық-облыстық нысандарды аралап, тозығы шыққан туристік нысандарды қалыпты жағдайға келтіру және нысандарға тиесілі жерлерге инфрақұрылым, жол белгілері мен өзге де жұмыстарды жүргізу мәселесін қолға алды. Мәселен, «Тараз-Туризм» орталығы құрылды, төрт тілде ақпарат тарататын туристік сайт  және өңірдің визит карточкасы дайындалып, Қырғызстан, Ресей елдерінінің туристік фирмаларына  жіберілді, сонымен қатар туристік маршруттар әзірленді» - деп атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Нағима Молдахметова.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен Қытай, Қырғызстан елдерінің төрт туристік фирмасымен әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатында меморандумға қол қойылды, жол бойындағы сервис, тамақтану орындары, кәдесый өнімдері, гид-экскурсия жетекшілерінің критерийлері реттелді, жаз маусымында Қызғалдақтар Фестивалі өткізілді. Көптің сұранысына ие, танымал «Ақыртас», «Тау самалы» туристік нысандарының инфрақұрылымына 497 млн.тг көлемінде қаржы бөлінді, облыстың маңызы бар 33 нысанының аннотациясы 3 тілде жазылды, стендтер жасалды - деді Нағима Молдахметова.

Бүгінгі таңда облыстың 2018-2020 жылдарға арналған туризм картасы жобасы әзірленді. Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта медицина саласындағы туризмді және балалар мен жасөспірімдерге бағытталған туризмді дамытуды мықтап қолға алмақ.

Жиын соңында келешекте туристік орталыққа айналатын шаһардың әлеуетін айшықтауға үлестерін қосып жүрген бірқатар туризм майталмандары Кәсіпкерлер палатасы тарапынан алғыс хаттарға ие болды.

Өңір экономикасының дамуында ерек орны бар туризм саласының дамуына қосқан үлесі үшін Облыстық кәсіпкерлер палатасы да Жамбыл туристік индустрия қауымдастығы тарапынан құрметке ие болды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер