«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

28 мың литр спирт қараусыз тұр

2018 жылғы 08 Маусым
- Жамбыл облысы
2533 просмотров

Бұл туралы Палатада Кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында айтылды

Осыған дейін Палатамен жүргізілген «Жасырын сатып алушы» акциясына арқау болған «Бейбітшілік» ШҚ басшысы, жергілікті кәсіпкер Қадырқұл Мышбаевтың  ұсақ мүйізді малдарды қауіпті аурулардан алдын алу үшін дәрілеу жұмыстарының ретсіздігі, ветеринар қызметкерлерінің уақтылы шара қолданбайтындығы, нұсқаулықтың сақталмағандығы туралы мақала облыстық кәсіпкерлер Палатасының ресми сайтында, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарына бірнеше мәрте жарияланған болатын. Нәтижесінде жауапты тұлғалар жауапқа тартылды.

Кәсіпкерлер палатасының құқықтық бөлімі осы мәселені негізге ала отырып, алдағы уақытқа ветеринар қызметкерлері тарапынан мұндай олқылықтардың орын алмауы мақсатында Кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы-іс қимыл Кеңесінің кезекті отырысында көтерді.

Ең алдымен Кеңес қатысушыларына жеке кәсіпкер Қадырқұл Мышбаевтың  қожалығында түсірілген бейнетаспа көрсетілді.

«Бейнежазбада көрсетілгендей вакцинация әдісі екі ғана шприцпен іске асты. Ветеринарлар тарапынан инені ауыстыру және спиртпен стерилизациялау жүргізілген жоқ. Қажетті мөлшерде дәрінің ұсақты малға енгізілуі де екіталай. Алайда, шприцтерді және инелерді ыстық сумен стерильдеу, вакцина енгізілетін жер де залалсыздандырылуы керек деген арнайы нұсқаулық бар,  әр ұсақты мал үшін жеке ине немесе бір рет пайдалынатын шприц қолданылу керек болатын», деп Кәсіпкерлердің құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Нұралы Ергебаев мәселенің мән-жайын ширатты.

Жамбыл облысының әкімдігі ветеринария басқармасы жіберілген кем-кетіктерді мойындады. Сондай-ақ, ауыл инспекцияларында  ветеринар мамандарының тапшылығы сезіледі, ал ветеринарлардың жұмысын бақылау, қадағалау Ауылшаруашылығы министрлігінің құзырында деп жебенің басын өзге арнаға бұрды.

Ал, аудандық ветеринария қызметінің өкілдері малдардың өлу деректері бар, алайда оның себебі де әртүрлі, барлық жағдайда  Мемлекеттен мал дәрілеуге қажетті шприц  мөлшері бөлінбейді деп мардымсыз жауап қайтарды.

Кеңес Төрайымы Ан Антонина және кеңес мүшелерінің келісімімен Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария қызметі басқармасына бақылау және қадағалау жұмыстарын қатаң бақылауға алу және осы іс-шараға бөлінген қаражаттың, құрал жабдықтардың жойылу заңдылығы туралы кәсіпкерлер Палатасы тарапынан ұсыныстармен қамтылған хат жолдау қажет деп шешілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Ai Mar group» ЖШС директорының өтінімі қаралды.

Өткен жылы аталған Серіктестік пен «Кедентранссервис» АҚ-пен ауыр жүктерге арналған қоймалары бар алаңды  жалдау туралы келісім жасасқан.

«Серіктестік нысанның пайдаланылуға және уақытша иеленуге қабылданған уақыттан бастап жер телімін мемлекет кірісіне тәркіленген мүліктен, яғни 28 800 литр көлеміндегі спирттен босата алмай отыр. Көзбен шолып, жеңіл-желпі тексеріс барысында Серіктестіктің қоймасында сақтаулы тұрған тауарлар жарамсыз болып қалғандығы анықталды. Сондай-ақ, тауарлық түрін де жоғалтқан, шаң басқан» – деп атап өтті кәсіпкерлердің құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Райымжан Абдрахманов.

Спирт тауары ашық аспан астында, ешбір санитарлық талаптар сақталмаған күйде 2015 жылдан қазіргі күнге дейін шаң басып тұр. Кәсіпкердің сөзінше, нысанды кезінде жалға алған «Транспроектсервис» ЖШС аумақты тәркіленген мүлектен босатпастан әрмен қарай жалға алудан бас тартқан.

Жамбыл облыстық Мемлекеттік кірістер Департаментінің өкілдерінің айтуынша мемлекеттің кірісіне тәркіленген мүлік 15 қыркүйек 2015 жылғы   № 1-242 Қордай аудандық сотының қаулысына сәйкес күштілігі 96, 2 %-дық этил спиртін мемлекеттің кірісіне өткізілуі қажет деп шешілген. Соттың шешімі күшіне енгеннен кейін бұл жағдай кәсіпкерді 2-3 жыл бойы әуре-сарсаңға түсіріп келеді – дейді Өңірлік Палата директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов.

 

Уәкілетті органдар өкілдерінің сөзіне сенсек, Жамбыл облысы аумағында этил спиртін өндіру және сақтауға лицензиясы бар тұлға жоқ, сәйкесінше тәркіленген мүлікті қабылдап алу мүмкін емес. Қабылданған жағдайда да, этил спиртінің улы химикатқа айналып кетпесіи екіталай. Тұтыну қабілетінен айрылған тауар тек құрылыс саласында ғана жарамды болуы мүмкін.

«Қосылқыштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермейді» демекші, жергілікті жерде шешімін таппаған бұл сұрақ Кеңес отырысында Республикалық деңгейге шығару керектігі айтылды. Бұл бір ғана тіркелген факті. Алдағы уақытта бұндай олқылықтарды жібермес үшін, мүлікті есепке алу, беру және заттай дәлелдемелерді жою, құжаттарды алу, сот сараптамасын алу кезінде қатаң тәртіп пен талаптарға сай орындау керектігі туралы Кірістер Департаментіне және кәсіпкердің өтінімі бойынша ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне Палата атынан тиісті хаттар жолданылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер