«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Билік пен бизнес: ашық диалог алаңы

2018 жылғы 29 Маусым
- Жамбыл облысы
3924 просмотров

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов­тың қатысуымен облыстық кәсіпкерлер Палатасы өңірлік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бір айда екі мәрте ұйымдастырылатын кеңестің бұл жолғы басқосуында бизнес өкілдері көкейлерінде жүрген өзекті мәселелерін көтеріп, түйінді түйткілдерді ашып айтты.

Ең алдымен «BuildSvyazKom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шахиста Мухамеджанова сөз алып, бүгінде өңірде біршама өндіріс орындары бар болғанымен, олардың жаңа құрылыс нысандарынан мүлде хабарсыз екеніне, нәтижесінде, құрылысқа қажетті материалдар сырттан әкелініп жатқанына қынжылысын білдірді.

"Мен басқарып отырған серіктестік құрылысқа қажетті материалдар шығарумен айналысады. Алайда, біз өз өнімімізді өткерудің әлі күнге толықтай тетігін таппай отырмыз. Оған себеп, облыста қолға алынып жатқан құрылыс нысандарынан бейхабармыз. Егер жаңа құрылыс нысандары жайлы алдын ала естісек, біз өз өнімімізді ұсынып, Жамбылда жасалған материалдарды да қажетке жарата алар едік. Ол үшін салынатын жаңа құрылыс нысандары, оған қажетті материалдар және сметалық құны ашық түрде облыстық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында жарияланса деген ұсынысым бар. Бұл мәселе дәл қазір көптеген шағын және орта бизнес өкілдерінің ең қиын түйткіліне айналып отыр", – деген кәсіпкер аймақ басшысынан  бұл проблеманы біржақты шешуге қолұшын беруді сұрады.

Өз кезегінде Асқар Исабекұлы ең алдымен облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаевтың кәсіпкердің сұрағына қатысты пікірін тыңдады. Басқарма басшысы жаңа құрылыс нысандарына қатысты ақпараттар осы таңға дейін министрлікке қарасты сайттарда жарияланып келгенін, десе де облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бизнесмендерге қажетті мәліметтердің тағы қолжетімді бола түсу жағын қарастыруға уәде етті. Өңір басшысы облыстағы серіктестіктердің шығаратын өнімдерінің арнайы тізбесін жасап, тендер жеңімпаздарына ұсынуды тапсырды. Бұдан бөлек, кеңеске қатысушылар тарапынан шағын және орта бизнес өкілдерінің өз өнімдерін жарнамалайтын билбордтарды орналастыратын арнайы жер бөліп беру туралы тілегін де облыс әкімі елеусіз қалдырмай, жақын арада бұл мәселенің шешімін табатындығын жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған «Пико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анатолий Пак облыстың құрылыс саласына жауапты мекемелер арасында орталықтандырылған жүйенің жоқтығынан бір құжатты алу үшін бірнеше органның есігін қағып, сандалатындықтарын ашына айтты. Сондай-ақ, инфрақұрылым тарту кезінде мердігерлердің жұмысын қатаң қадағалау керектігін ескертті. Өйткені, салғырттық салдарынан автожолдар қайта қалпына келмей, шұрық тесік болуда.

Бұл мәселеге қатысты Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов министрліктен бекітілген заңнамалық норма солай болған­дық­тан, кәсіпкерлердің құжаттарын рәсімдейтін орталықтандырылған жүйені жергілікті билік тарапынан құра алмай отырғанын мәлімдеді. Ал, қазылған жолдарды қайта қалпына келтірмей кету фактілеріне қатысты қала әкімі ондай мердігерлерге тек айыппұл салуға құқылы екендіктерін айтты. Алайда, Асқар Исабекұлы заңда мұндай қайшылық болуы мүмкін емес екенін айтып, бұл мәселені жан-жақты зерделеуді құзырлы сала мамандарына жүктеді.

Кеңес отырысы барысында бұдан бөлек, кәсіпкерлер құрылыс жүргізу үшін жерді пайдалануға рұқсат беретін комиссия шешімінің кешіктіріліп шығарылатындығын, кейбір бизнесмендер құжаттарына айлап қол жеткізе алмай жүретіндігін жасырмады. Тараптарды мұқият тыңдаған аймақ басшысы әрбір өтініштің аяқсыз қалмайтындығын алға тартып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.Сондай-ақ, бұдай былай бизнеске қатысы бар барлық мәселелерді шешу жұмыстарына Өңірлік палатаны  қосуды тапсырды


Еншілес ұйымдар

Серіктестер