«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШАҒЫН БИЗНЕСКЕ - 100 САУДА ОРНЫ

2018 жылғы 13 Шілде
- Жамбыл облысы
3715 просмотров

Тараз қаласы кәсіпкерлеріне заманауи дүңгіршектердің үлгісі «100 орын – көше саудасы» жобасы таныстырылды
Бүгінде Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының бастамасымен Тараз қаласының әкімдігі мен «Тараз ӘКК» ҰК» АҚ бірлесіп қала көшелерінде сауда орындарын ұлғайту бағдарламасы әзірлену үстінде. Бағдарлама әзірше толық бекітілген жоқ. Себебі, жергілікті билік пилоттық жобаны жүзеге асырарда бизнестің ойымен санасатынын ескерткен еді. 
Осы мақсатта бүгін Тараз қаласы әкімдігінің ғимаратында бағдарламаға жауапты мекемелер мен жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлік субъектілері кездесті.     

Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жиын басында сөз алып, кәсіпкерлердің басын қосудағы негізгі мәселеге тоқталды. Шаһар басшысы осыған дейін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қаланың кескін-келбетін көркейту, жабайы сауда, жайма базарды түп тамырымен жою, сондай-ақ, тиісті құжаттары жоқ, антисанитарлы нысандарды ретте келтіруге қатысты  тапсырмасын орындау үшін қала көшелеріне бірнеше рет рейд жұмыстары жүргізілгенін айтты. 

«Нәтижесінде 100-ге жуық заңсыз тұрға, құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен сауда дүңгіршектері көшелерден тазартылды. Әрине, сауда-саттық арқылы табыс тауып, отбасысын асырап жүргендер жетерлік. Пайда болатын біркелкі дүңгіршектер  бірден екі мәселені шешуге көмектеседі: шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және көше саудасын қазіргі заманғы сипатта дамытуға септігін тигізеді. Тағы, өңір экономикасының бюджетіне түсім артып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік  – дейді Ғалымжан Әбдірайымов. 

Әртүрлі саладағы кәсіп иелерінің қолын ұзартып, көлеңкелі бизнестен шығуға сеп болатын жобаға бизнес тарапынан қызуғышылық мол. Бүгінгі таңда сауда нысандарын орналастыру үшін қала әкімдігімен 50 жер телімі анықталып алынды. Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрзат Тұрысбеков әзірленген сауда орындарының үш нұсқасын ұсынды. Ол дүңгіршектердің ұзындығы, биіктігі және көлеміне қарай көкөніс, жеміс-жидектер, гүл сату, фаст-фуд және т.б. сауда түрлері қамтылмақ екенін айтты. Қаланың сәулеттік келбетіне, санитарлық және өрт сөндіру талаптарына сай болуы маңызды талаптардың бірі. 


Онымен қатар, «Тараз ӘКК» ҰК» АҚ маманы Серік Бегалиев кәсіпкерлерге сауда орындарын алу жолдарын түсіндіріп өтті. 
Белгілі болғандай, жобаға қалаған шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады. Тек, салықтық және өзге де міндетті төлемдерде қарыздың болмауы тиіс. Баяндамашының сөзіне сенсек, өткізуге тиісті құжаттар саны кәсіпкерлердің ыңғайына қарай қысқартылған екен. 
«Жер учаскелерін беру біріншіден, жер учаскесіне бір ғана өтінім түскен жағдайда Комиссия сол жалғыз қатысушымен қосалқы жалдау шартына отырады, ел егер де бір жер теліміне бірнеше әлеуетті қатысушы өтінім білдірген жағдайда, аукцион өткізіледі». 

Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлік қолдау қоры Жамбыл облыстық филиалының директоры Бахытжан Исақов кәсіпкерлерге «Еңбек» «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» шағын және орта бизнеске берер мүмкіндіктерін кеңінен атап өтті. 

Кәсіпкерлер жиын барысында өз сауалдары мен ұсыныстарын білдірді.  Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарға сауда орындарын аларда берілетін жеңілдіктер қарастырылса, тура сондай мүмкіндіктер бастауыш кәсіпкерлер мен Star-Up жобаларға да қолжетімді болса деген ұсыным-пікірлер айтылды.

Өз кезегінде, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек  әзірленіп жатқан «100 орын – көше саудасы» бағдарламасының регламентін бекітерде кәсіпкерлердің ұсыныстары ескерусіз қалмайтынын жеткізді. 
Сондай-ақ, кездесу соңында кәсіпкерлердің сан-сауалдарына толымды жауап беру үшін стандартты дүңгіршіктерге қатысты ақпарат-слайдтар  Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының ресми ақпараттық сайтында (taraz.atameken.kz) жарияланатын болады деп шешілді. 


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер