«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Жас кәсіпкер» жобасы бойынша Қызылордада 537 адам оқуын бастады

2019 жылғы 24 Шілде
- Қызылорда облысы
5450 просмотров

Қызылордада 24 шілдеден бастап жастарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқу басталды. Оқудың бірінші тобында қала, аудан бойынша 537 жас оқып жатыр. 22-23 шілде күндері өткен іріктеу тестіне 537 жас қатысып, 537 оқуға жолдама алған болатын. Осы жылы жоба аясында аймақтың 1000 жасын оқыту жоспарлануда. Бірінші легте 537 жас оқып жатқан болса, екінші лек өз жұмысын тамыз айында бастайды.

Осы жерде «Жас кәсіпкер» жобасы туралы кеңінен айтып өткіміз келеді.

«Жас кәсіпкер» жобасына 18 бен 29 жас аралығындағы жас отбасы мүшелері, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жұмыссыз жастар қатыса алады. Студенттер жобаның қатысушысы бола алмайды.

Жобаға қатысқысы келген азаматтар жеке куәлігінің көшірмесі, мекен-жай анықтамасы, өтініш және арнайы формаға сай толтырылған анкетамен Кәсіпкерлер палатасына, палатаның аудандық филиалдарына, жұмыспен қамту орталықтарына немесе өздері тұратын елді мекеннің әкімдігіне барып толық ақпарат ала алады.

Жобаға қатыспас бұрын жастар алдын ала тесттен өтеді. Жалпы 100 балдан ең кемі 55 балл жинау қажет. Жобаға қатысуға мүмкіндік алған азаматтар 3 апталық – 21 күндік оқу курсына қатысады. Жобаға қатысушыларға сертификат алғаннан кейін 19273 теңге бір реттік шәкіртақы төленеді.

Жоба барысында жастарды арнайы конкурс арқылы  анықталған бизнес-тренерлер оқытатын болады. Оқу бағдарламасында кәсіпкерлік негіздерімен бірге білім алушы бизнес-жоспарын жасап шығады. Әрі болашақ кәсіппен айналысушыларға арнайы психологтар да көмек көрсететін болады.

Үш апталық оқудың қорытындысымен жобаға қатысушылар арнайы құрылған комиссияның алдында бизнес-жоспарларын қорғайды. Сәтті қорғағандарға оқуды аяқтағандығы туралы сертификат берілсе, оқуға толық қатысып, бірақ жобасын қорғай алмаған азаматтарға қатысқандығы жөнінде сертификат беріледі.

Айта кету керек, «Жас кәсіпкер» жобасы ақысыз негізде, тегін оқытылады.

Жобасын сәтті қорғаған жастардың сертификаты 2 жылға жарайды. Осы уақыт аралығында жобаға қатысушылар 6,5 жылға 6 пайызбен 8000 АЕК (20 млн.200 мың) теңгеге дейін мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие ала алады.

«Жас кәсіпкерге» қатысушылар жобасына жеңілдетілген несие алуы үшін бизнес-жоспары, оқуды аяқтағандығы туралы сертификаты, кепіл мүлкі және өзге де қаржыландырушы банкке қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс.

«Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылардың жобасын Кәсіпкерлер палатасы бір жылға дейін сүйемелдейтін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер