«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«ТҰТЫНУШЫЛЫҚ НЕСИЕ ҚАҚПАН БА? немесе екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлікті несиелендіруге неге мүдделі емес?»

2020 жылғы 20 Қазан
- Қызылорда облысы
7644 просмотров

Бұл туралы жақында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов facebook-тегі парақшасында жазды.

«Қазір елімізде несиесі жоқ адам жоқ шығар тіпті. Жақында Ұлттық Банктің статистикалық деректерін талдау барысында тұтынушылық несиелеудің және сәйкесінше облыс тұрғындарының қарыз жүктемесінің жедел өсіп жатқанын аңғардық», - деген Палата директоры әрі қарай сөзінің дәлелі ретінде статистикалық мәліметтерге жүгінеді.

Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс тұрғындарының банктен алған тұтынушылық несиесі 161,0 млрд теңгені құрап отыр. Бұл республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары (29,5%). Оның үстіне тұтыну несиелерінің 85%-ы кепілдендірілмеген (беззалоговый).

Соңғы төрт жыл ішінде тұтынушылық несие көлемі аймақта 1,9 есеге өсіпті (01.07.2015 ж. - 84,9 млрд.теңге), ал бұл уақытта азаматтардың жалақысы 1,5 есеге ғана өскен (2020 жылғы маусым - 187 мың теңге, 2015 жылғы маусым - 118 мың теңге). Қазіргі талдау бойынша, тұтыну несиелерінің өсу қарқыны табыстың өсуінен 80%-ға асып түсіп тұр екен.

«Банк секторының несиелік портфелінен тұтыну несиелерінің үлесі бойынша Қызылорда облысы 58,1%-бен республикада төртінші орында, ал жан басына шаққандағы тұтынушылық несиелер бойынша (200 381 теңге) тоғызыншы орында екен. Бұл ойландыратын жайт. Себебі бұл ақпарат бізге аймақтағы үй шаруашылықтарының орташа мөлшерін ескере отырып - әр отбасына арналған тұтынушылық несиелер орта есеппен 962 мың теңгені құрайтынын көрсетіп отыр. Және бұл облыстағы 29,4 млрд теңгені құрайтын ипотекалық несиені есепке алмағандағы жағдай», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Материал иесі тағы бір мәселе ретінде өңірде халықтың мерзімі өткен қарызының тез өсуі байқалатындығын айтуда. 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке тұлғалардың мерзімі өткен қарыз сомасы 9,2 млрд теңгені құраған, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға немесе 379 млн теңгеге өсіп отыр.

«Енді мына парадокты қараңыз. Аймақтағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес үлесі 1 қыркүйектегі жағжай бойынша республикадағы жалпы санның 3,5% (46 674 бірлік) құрайды (1 334 123 бірлік). Сонымен бірге Ұлттық банктің мәліметтері бойынша 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша банктердің аймақтағы шағын кәсіпкерлікке берген несие мөлшері 27,4 млрд. теңгені құрайды немесе республикадағы несиелендірудің жалпы көлемінен тек 1,2% (2,230 млрд. теңге). Бұл аймақтағы шағын кәсіпкерліктің банктермен несиелендіруі республикадағыдан 3 есе аз екендігін көрсетеді. Шағын кәсіпкерлікке берілген несиелердің үлесі облыстағы банк секторының несие портфелінің 9,9% құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен (15,7%) 1,6 есе төмен», - дейді Ғалымбек Жақсылықұлы.

Оның айтуы бойынша, шағын кәсіпкерлікке берілген банктік несиелердің абсолюттік мөлшері бойынша Қызылорда облысы 16-шы, бір кәсіпкерлік субъектісі бойынша 15-ші орында.

«Сонымен қатар, облыстағы шағын және орта бизнестің 88%-ы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары, яғни жеке адамдар құрайды. Сондықтан халықтың мерзімі өтіп кеткен қарызы шағын кәсіпкерліктің несиелік тарихына да әсер етеді. «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарын бітірген кейбір түлектердің несиелік тарихы теріс болғандықтан, шағын несие алуға мүмкіндігі жоқ. Бұл жағдай аймақтағы шағын кәсіпкерлікті несиелендіруге кедергі болатын негізгі факторлардың бірі болып табылады», - дейді Палата басшысы.

Спикер, басқа дамыған елдерден айырмашылығы, тұтынушылық несиелер аймақтағы экономикалық өсудің драйвері емес, қарыздарды қайта қаржыландыруға, импорттық тауарларды, тұрмыстық техниканы, смартфондарды сатып алуға және ойын-сауық «той» өткізуге жұмсалады, бұл ЖӨӨ өсуін баяулатады. Шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамтылған халықтың саны 2020 жылдың 1 сәуіріне 90257 адамды құрайды немесе экономикада жұмыс істейтіндердің жалпы санының 27,7% (325 030 адам) екенін айтады.

«Кәсіпкерлер мекемеде жаңа және бұрыннан жұмыс істеп жүрген қызметкерлерден еңбек шартқа отырмауды және банктік карточкаларға аудармай қолма-қол ақшамен төлеуді сұрайтын жағдайлар жиі кездесетіндігін айтуда. Осылайша, кәсіпкерлер бей ресми жұмыспен қамтылған және жұмыссыз азаматтардың санын көбейте отырып, қажетті кадрларды сақтауға мәжбүр. Тұтынушылық несиелеуді талдау көрсеткендей, несиенің бұл түрінің көлемі халықтың кірісіне қарағанда 1,5 есе тез өсуде, бұл пандемия салдарынан халықтың әлеуметтік әл-ауқатының нашарлауы аясында әлеуметтік шиеленістің катализаторына айналуы мүмкін. Ойланатын жағдай», - деп ойын қорытыпты Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер