«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бизнеске арналған үкімет» фронт кеңсесі кәсіпкерлердің екінші үйіне айналды

2021 жылғы 12 Қазан
- Жамбыл облысы
3657 просмотров

Кәсіп ашып, нәсібімді молайтамын деген жандар үшін өңірде қолдау көп

Мемлекет тарапынан ақпараттық көмек, құжаттарды кедергісіз рәсімдеу, жеңілдікпен несие алу сынды түрлі қолдау тетіктері қарастырылған. Соның бір айғағы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының базасынан ашылған «Бизнеске арналған үкімет» орталығы. Былтыр қазанда облыс әкімінің бастамасымен ашылған орталық биыл 1 850 қызмет көрсеткен.

Қазіргі таңда кәсіпкерлер орталықтан қажетті қызмет түрлерін «бір терезе» қағидатына сай алып жүр. Бизнес өкілдері үшін онда Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы, «Тараз» ӘКК, «Тараз» және «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымдары, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы, екінші деңгейлі банк менеджерлері, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша сарапшылық топтың өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері сапалы қызмет көрсетеді.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың айтуынша, бизнеске арналған мемлекеттік қызметтің сан түрін ұсынып, кеңестер беру, бизнес-жобаларды кәсіби сүйемелдеу «Атамекен» палатасы жұмысының негізгі бағыттарына жатады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бизнестің дамуына кедергілерді азайту шараларын қолға алуды тапсырған болатын. Бұл бағытта бизнеске қатысты барлық саланың жұмысы өзара үйлесу керек. Өз кезегінде, орталық осы үйлестіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізіп жатыр деуге толық негіз бар. Мұндағы қызметкерлер бірлесіп кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін  шешіп, өңір тұрғындарына мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіреді. Сондай-ақ, қайтарымсыз гранттар мен шағын несие беруде тиімді кеңестер беріледі», – деп атап өтті Еркін Атымтаев.

Орталық ғимаратында кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы бизнесмендердің «электрондық үкімет» порталындағы қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Ашылған уақыттан бері мұнда ұсынылатын қызметтің ауқымы да айтарлықтай кеңейген. 2021 жылға кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен жоспар бойынша 1079 қызмет көрсету тиіс еді. Дегенмен жыл басынан бері  орталық қатысушыларымен мыңнан астам қызмет көрсетіліп отыр.

 Ашылғалы өз тиімділігін дәлелдеген орталықта алыс ауыл, аудандардан келетіндердің саны көбейген. Кәсіптің көкжиегін кеңейтемін деген жандар нақты ақпараттарға қанығып, мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктерін тиімді пайдаланып келеді. «Вizneske arnalğan ükımet» фронт кеңсесіндегі мамандардың сүйемелдеуімен несие алғандардың бірі Ербол Мұраталиев.

«Қазіргі таңда облыста кәсіп ашу үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалардың құралдары қарастырылған. Мен оған «Вizneske arnalğan ükımet» фронт кеңсесіне барғанымда көз жеткіздім. «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы арқылы 7,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, кірпіш шығаратын аппарат сатып алдым. Айта кетерлігі, бұл қаржыны жеті жарым жылға жылдық 6 пайыз үстемесімен төлеймін. Шындығында, бұл мен секілді кәсібін енді бастап жатқан бизнес иелері үшін өте тиімді. Қазіргі таңда 3 адамды тұрақты жұмыспен  қамтып отырмын», – дейді кәсіпкер.

Қазіргі қоғамда «Бизнес ашқым келеді, бірақ қандай іспен айналысатынымды білмеймін, бизнес-жоспарды қалай жазамын» деген сұрақтар жиі туындайды.  Ал ол бойынша әр жерден, әр сала маманынан кеңес алу біраз уақытты талап етеді. Кәсіпкерлердің мәселелерін бір терезе қағидатымен шешіп, қажетті ақпарат алуда «Бизнеске арналған үкімет» орталығының маңызы зор. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер