«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы сүт кластерін дамытуға қолдау көрсетті

2021 жылғы 12 Қараша
- Жамбыл облысы
5070 просмотров

Жамбылда «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы сүт кластерін дамытуға бағытталған жобаларды қаржылай қолдап жатыр. Несие алған жеке кәсіпкерлер бүгінде өнімнің бәрін «Көкжиек-2030» ЖШС-ға өткізеді. Микро бизнеске көмектесу арқылы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы өңірде өнімді өткізу тізбегін қалыптастыру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Яғни, шағын кәсіпкерден шыққан өнім ірі кәсіпкерге тікелей жетіп, сатылымға кетеді.

 

«Жақында «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы жеке кәсіпкер Сейітжан Сейдалиевқа 5,4 миллион теңге, Гүлмира Рахмановаға 3,4 миллион, Гүлназ Жұмабековаға үш миллион теңге және Игенбаева Маликаға 4,8 миллион жеңілдетілген несие қолдау көрсетті. Аталған кәсіпкерлер қаржыны толықтай сүт бағытындағы ірі қара мал мен жем-шөп алуға жұмсады. Қазір өнімдерінің барлығын «Көкжиек-2030» компаниясына өткізеді. Осылайша шағын бизнес пен ірі кәсіпкерлік өзара көмектесу арқылы жұмысын жүргізіп жатыр», – дейді «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы директорының орынбасары Әсел Батырғали.

Байзақ ауданында 2017 жылы құрылған «Ақмол» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде 30 мүше бар. Жергілікті сүт бағытындағы ірі кәсіпорындардың бірі «Көкжиек-2030» шикізат жетіспеушілігі мәселесімен кәсіпкерлер палатасына жүгінген болатын. Палата кооператив құрамын көбейтіп, «Бастау Бизнес» жобасында оқыған қатысушыларға жеңілдетілген несие беруді ұсынды. Қазірде сертификаты бар 45 адам кооператив мүшелігіне еніп, әрі қарай сүтті «Көкжиек-2030» компанияна өткізу үшін  «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымына құжаттарын тапсырып қойды.

 

«Жеке кәсіпкерлердің әрқайсы күніне шамамен отыз литр сүт өткізеді. Кәсіпорын  литріне 150 теңгеден төлегенде, айына әр отбасы 130-150 мың арасында тұрақты табыс тауып отыр. Барлығын қосқанда кооператив күніне бір жарым тонна сүт жинайды. «Көкжиек-2030» біз өткізген шикізаттан пастерленген сүт, айран, қаймақ, йогурт өнімдерін шығарып, ішкі нарықты қамтамасыз қана қоймай, экспортқа шығарады. Ауылдағы ағайынның кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетуге қолдау білдірген «Атамекен Тараз» ұйымына алғысымызды білдіреміз», – дейді «Ақмол» АӨК төрайымы Жанна Шайділдаева.

Айта кетейік, «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы қызметін бастағаннан бері жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге 460 жоба қаржыландырылды. 2021 жылдың тамызында Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021 аясында республика бойынша 22,5 млрд теңге, оның ішінде Жамбыл облысына 1,8 млрд бөлінді. Бұл бағдарлама бойынша оператор – аграрлық несие корпорациясы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер