«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бәйтеректен» 1 теңге алу үшін 5 теңге кепілдік керек». Шаруалар несие алудың қиындығына шағымданды

2022 жылғы 06 Желтоқсан
5863 просмотров

Елімізде шаруалар 1 теңге несие алу үшін 5 теңгенің кепілін қою керек. «Бәйтерек» холдингіне қарасты несие беретін еншілес компанияларының кепілдікке қоятын талаптары фермерлер үшін қолайсыз. Шаруалар шамадан тыс талаптарды қайта қарауды ұсынып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Қазіргі уақытта шаруалар несие алуы үшін республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда жылжымайтын мүлік бойынша белгіленген өтімділік коэффициенті – 0.8, аудан орталықтарында – 0.7, өзге елді мекендерде 0.6 құрайды.

«Кәсіпкерлер тәуелсіз бағалау компаниясының кепілді бағалау кезінде төмен құн көрсететініне, атап айтқанда Аграрлық несие корпорация белгілеген жылжымайтын мүлікті бағалауды төмендетеді деген шағым білдіріп жатыр. Кейбір жағдайда төмендету коэффициенті нарықтық құнның 0,3 мөлшерін құрауы мүмкін», – деп баяндады мәселені Ұлттық палата АӨК департаментінің сарапшысы Жұлдызай Әубәкірова.

Сондай-ақ, фермерлер кепілдік құнын есептеу үшін Аграрлық несие корпорациясының белгілеген баға анықтамалығын қайта қарау мәселесін көтерді. Мәселен, Қызылорда облысының фермерлері Корпорацияның қызметкерлері ұйым бағасының анықтамалығына сәйкес кепіл құнын түзету үшін Тәуелсіз бағалау компаниясының бағасын қайтаратынын атап өтті.

Ал, БҚО кәсіпкерлері Корпорацияның баға анықтамалығы жасалатын әдіснама жасау қажет деп, соның негізінде баға белгілеуді ұсынды.

Шығысқазақстандық кәсіпкерлер «мұндай несиені ауыл шаруашылығын дамыту деп емес, өз қалтасын қымпиту мақсатымен жүзеге асырып жатыр» деген пікірін бөлісті.

«Шығыс Қазақстан облысындағы шаруашылық («Шығыс» ШҚ) 160 млн теңге сомасына өтінім беріп, 675 млн теңгеге жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ болашақта сатып алынатын отандық асыл тұқымды малды кепілмен қамтамасыз етуді ұсынды. Алайда, Корпорация 107 млн теңгеге несие мақұлдайды. Бұл мүлік кепілдігінің нарықтағы құнының 15 пайызын құрайды. Бірақ шаруашылыққа 735 ірі қара мал алу үшін 271 млн теңге керек. Мұндай мысалдар көп», – деп толықтырды Жұлдызай Әубәкірова.

Сонымен қатар, АШМ Қаржы құралдары департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов кәсіпкерлердің ұсынысын қолдайтынын атап, Ұлттық палата өкілдеріне мәселені бірлесе шешейік деген өтініш білдірді.

«Өңірдегі шаруалардың пікірін тыңдадық. Олардың ұсынысын қолдаймыз. Бірақ салық саясатын Корпорацияның директорлар кеңесі бекітеді. Ал ведомство Ұлттық экономика министрлігіне қарайды. Сондықтан АШМ олардың мүліктік саясатына тікелей әсер ете алмайды. Ұлттық экономика министрлігі мәселені тезірек шешуі үшін «Атамекеннен» бірлесе жұмыс атқаруды сұраймыз», – деді Тұрар Мұхамеджанов.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Төлегенов бұған дейін мүліктік саясатқа қатысты Бас прокуратура талапты қатаңдатуды тапсырғанын атап өтті. Ол филиалдағы директорлар және жеке өзі шаруаларды қабылдап, мәселені қарастыруға дайын екенін айтты.

Айта кетейік, бұл меселе кеше премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың төрағалымен өткен Отандық тауар өндірушілердің кеңесінде көтерілді. Сол жиында «Бәйтерек» холдингінің өкілдері несиеге кепілдік қою мәселесі жаппай емес, тек жекелеген шаруалардың несие процесінде кездесетінін айтқан болатын. Алайда, Ұлттық палатаға түскен көптеген шағым мұның дұрыс тұжырым болмай тұрғанын көрсетеді.

Оның үстіне, шаруалардың айтуынша, Корпорацияның құжаттарында кәсіпкердің тракторы, малы, басқа да мүлкі қалай бағаланады, қанша деп бағаланады деген мәселелер қарастырылмаған. Шаруалар мүліктің қалай бағаланатынынан хабарсыз, нақты алгоритм жоқ.

Ұлттық палата мәселені шешудің екі жолын ұсынып отыр:

1) тәуелсіз бағалау компаниялары айқындайтын кепілдердің бағалау құны тәуелсіз бағалауға сәйкес осы мүліктің нарықтық құнынан 20%-дан аспауы тиіс немесе өтімділік коэффициенті тәуелсіз бағалау компаниясы айқындаған нарықтық құнның 0,5 көрсеткішінен төмендетілмейтін норманы белгілеу керек;

2) Қазақстанның ауылдық елді мекендеріндегі жылжымайтын мүліктің құнын талдауда көзделген бағалар анықтамалығын қайта қарау.

Жиын соңында Ұлттық палата АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев шаруалардың ұсынысын ескере отырып, жауапты және салалық органдармен бірлесе, несие алуға кепілдік саясатын қайта қарап, Үкіметке бір шешім ұсыну керегін атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер