«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбылдық кәсіпкер тау шөбінен шәй шығарады

2023 жылғы 04 Тамыз
- Жамбыл облысы
4083 просмотров

Жамбыл облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушысы Жанбота Нұғыманова тау шөбінен шәй дайындап, көкөністерден емдік қасиеті бар ас-сусын әзірлеп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ата-анадан қалған кәсіпті жалғастырған келіншек ерекше әдіспен тау шөптерінен шәй дайындап, әзірлеген дүниесі ауыл арасында сұранысқа ие.

«Бала кезімізде ата-анамыздың шөпшай демдегендерін көріп өскендіктен, есейгенде өзім де балаларыма қажетті түрлерін дайындайтын болдым. Аудандағы кәсіпкер арулармен араласа жүріп, ол кісілер менің шөпшайымнан дәм татып, бұл халыққа керек өнім екенін айтты. Осы шаруамен түбегейлі айналыссам, бизнес көзіне айналдыруыма болатынын ескертіп, жаңа іс бастауыма Іскер әйелдер кеңесі қолдау көрсетті. Әуелі олар маған бизнесті бастауға жол нұсқады. Кәсіпті жүргізу бойынша тренинг, семинарларға қатысып, кеңес алдым. Адам ағзасына пайдалы шөпшайды көне әдіспен әзірлеу инновациялық бизнес бола алады екен. Оған қызығушылық танытқандар да табылды. Бұл мені жігерлендірді. Соныменғ, осыдан бір жыл бұрын жеке кәсібімді бастадым. Облыста өткен «Бір ауыл-бір өнім» жобасына қатыстым. Жобада менің шәйімнің дәмін өнір басшысы да ұнатқан болатын. Бұл тұрғыда маған қолдау көрсеткен «Атамекен» Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасына алғысымды білдіремін», – дейді Жанбота Нұғымова.

Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, қазір шөптер мен көкөністердің құрамын зерттеп, соған қарай пайдалы ас-су дайындауды кәсіп еткен Жанбота білгенін ары қарай дамыту үшін Қазақ тағамтану академиясымен байланыс орнатқан.

«Қажетті шөптерді үш жақтан жинаймын. Атап айтқанда Сарысу, Ақыртөбе және Түркістан тауларынан. Әр шөптің өзіндік қасиетіне қарай тұқым шашқанда теріп аламыз.. Ісімді ілгерілендіру үшін осы салада көп ізденемін. Еліміздің денсаулық сақтау саласының аңыз адамы атанып кеткен Төрегелді Шарманұлымен де кеңесіп, ақпараттар алып отырамын. Академиктен қазіргі уақытта халыққа өте керекті шөпшайларды әзірлеудің тәсілін сұрап тұрамын», – дейді бизнесвумен.

Айта кету керек, "Бір ауыл – бір өнім" республикалық жобасының бастамашысы Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы болып табылады. Биыл көрмеге 40 тауарөндіруші қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер