Жамбыл облысының әкімі өңірлік кеңес мүшелерімен кездесті
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңестің мүшелері және аймақтағы ірі кәсіпкерлермен кездесті. Жиынды өңірлік кеңестің төрағасы Мұқаш Ескендіров ашып, бизнес-қауымдастықтың мемлекеттік билік органдарымен тиімді байланысын нығайту мақсатында палата жанында 6 салалық кеңес құрылып, жұмыс істеп жатқанына тоқталды.
«Елімізде кәсіпкерлердің қалыпты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Бизнеске мемлекет тарапынан көмек те, қолдау да жеткілікті. Бүгінде аталған саланы дамыту бағытында орта және шағын кәсіпкерлікті қолдайтын көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Облысымызда да әкімдік пен кәсіпкерлер палатасы арасында сенім мен жауапкершілікке негізделген тығыз байланыс орнатылған. Өйткені, бірлесе жұмыс атқарғанда ғана белгілі бір нәтиже болатыны белгілі. Бүгін өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесіп, саладағы мәселелерді естіп-білуге келдім. Алдағы уақытта өңірдегі кәсіпкерлердің жаңа бастамаларына барынша қолдау көрсетілетін болады», – деді Ербол Қарашөкеев.
Кеңесте Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев өңір басшысына саладағы бизнес құқығын қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнесті сервистік қолдау, отандық тауар өндірушілерге көмек көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша жоспарларын бөлісті.
Палата басшысы облыс әкімінің назарын бірқатар шешімін күткен мәселелерге аударып, оларды шешу жолында алдағы 2024 жылы Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жергілікті бюджеттен қаржылай қолдау көрсетуді қарастыруды сұрады .Әсіресе, ауылдарда жеңілдікпен несиелеуді барынша көбірек қамту үшін келесі жылы әкімдік тарапынан «Атамекен-Тараз» микроқаржылық ұйымын ары қарай қаржыландыруға ықпал етуді сұрады.
Кәсіпкерлер әкім алдында әлеуметтік маңызы бірқатар сұрақтар көтерді. Мәселен, жолаушылар тасымалын субсидиялауға қатысты мәселе. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялаудың жоқтығы, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту, жабайы сауданы жою, жаңа су қоймаларын салу, магистральдық арналарды бетондау, азық-түлік бағасының жоғарылауы, инвесторлардың жер учаскелерін заңдастыру қажеттілігі айтылды.
Өңірлік кеңес кәсіпкерлік саласындағы негізгі мәселелерді шешу бойынша өз жұмысын жалғастыратын болады. Кеңес облыс экономикасының барлық саласында қойылған міндеттер мен ағымдағы проблемаларды одан әрі шешуге жәрдемдеседі. Жиын соңында мұндай кездесулер әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады деп шешілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: