«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Литваның Қазақстандағы елшісі шымкенттік кәсіпкерлермен кездесті

2023 жылғы 08 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
8513 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Литваның Қазақстандағы консулының жергілікті кәсіпкерлермен жүздесуі өтті. Жиынға Литва Республикасының Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы елшісі Эгидиюс Навикас, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, кәсіпкерлер қатысты.

Елші Балтық елдеріндегі, оның ішінде Литвадағы экономикалық жағдаймен таныстырып, кәсіпкерліктің, бизнестің дамуына тоқталды. Арнайы таныстырылым дайындап келген Эгидиюс Навикас шымкенттік кәсіпкерлерді Литвада кәсіп ашып, инвестиция құюға шақырды.

«Литваның артықшылығы тұрақтылық, заңның қатаң сақталуы деп айтар едім. Оған қоса, өздеріңізге белгілі, Балтық елдері Еуропаға қақпа ретінде саналады. Шағын кәсіптен бастап орта және ірі бизнеске дейін ашып, дамытуға немесе дайын бизнеске инвестиция салып, ары қарай жүргізуге болады. Сондықтан, қаржы құямын деген іскер азаматтар болса, әрдайым байланысқа дайынбыз», – деді Эгидиюс Навикас.

Кәсіпкерлер палатасының жетекшілері де өз кезегінде құрметті қонаққа алғысын білдірді.

«Шымкенттегі бизнес қауымдастық атынан уақыт тауып, кездесуге келгеніңіз үшін рақмет айтамыз. Алдағы уақытта қызығушылық танытқан жергілікті кәсіпкерлердің Литваға бизнес-сапарын ұйымдастыруға дайынбыз. Кәсіпті жүргізуге, дамытуға қатысты нақты сұрақтарды дайындап барып, Литвада талқылауға болады деп ойлаймын», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер