«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Президенттің Жолдауы - Ақтөбе облысындағы бизнес пен инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер

2025 жылғы 09 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
319 просмотров

Дидар Боранқұлов, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры:

—  Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы бүкіл еліміз үшін аса маңызды стратегиялық бағдарға айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан дамуының басым бағыттарын айқындап, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлерді қолдау және бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелеріне айрықша көңіл бөлді. Әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және шикізатты терең өңдеуден бастап машина жасау, агроөнеркәсіп кешені мен туризмге дейінгі негізгі салаларға инвестиция тарту шаралары – түбегейлі маңызға ие қадамдар.

Ақтөбе облысы үшін бұл басымдықтар ерекше өзекті дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов. Бүгінде өңірдің ЖӨӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 27,9%-ды құрайды. Ыңғайлы географиялық орналасуы, көлік қолжетімділігі және бай табиғи ресурстарының арқасында облыс Қазақстандағы ең инвестициялық тартымды аймақтардың бірі болып келеді. Тек 2025 жылдың алғашқы жеті айында негізгі капиталға 590,1 млрд теңге құйылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,7%-ға көп. Бұл көрсеткіштер инвесторлардың тұрақты қызығушылығы мен өңірдің жоғары әлеуетін дәлелдейді.

Басты бағыттар қатарында металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, ағаш өңдеу және фармацевтика салалары бар. Металлургия – қосалқы бөлшектер мен арнайы техника шығаруға мүмкіндік берсе, химия саласында полимерлерді қайта өңдеу және логистикалық орталықтар құру жобалары өзекті. Машина жасауда өнімдері табысты экспортталып жүрген «Актюбрентген» сияқты кәсіпорындардың маңызы зор. Құрылыс материалдары секторы инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған, ал ағаш өңдеу мен жиһаз өндірісі импортты алмастыруға және ШОБ үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді. Фармацевтика саласында да қаптама, дистрибуция және халықаралық ынтымақтастыққа сұраныс жоғары.

Президент тапсырмасымен құрылған «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының дамуы ерекше рөл атқарады. Аумағы 858 гектарды қамтитын, халықаралық әуежай жанында орналасқан бұл аймақта қазірдің өзінде басқарушы компания жұмыс істейді. Мұнда жалпы құны 1,2 трлн теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, соның нәтижесінде 4 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Алғашқы жобалардың бірі – түркиялық S Sistem Lojistik компаниясының ірі логистикалық орталық салуы. Болашақта қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері жыл сайын 248 млрд теңгеге өседі, салық түсімі 1 трлн теңгеге дейін жетеді, өңір экономикасының өсімі 7,5% деңгейінде қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Инвесторлар үшін арнайы экономикалық аумағында салықтық-кедендік жеңілдіктер мен жеңілдетілген рәсімдер қарастырылған. Артықшылық еңбек өнімділігі жоғары, заманауи технологияларды қолданатын және экспорттық әлеуеті бар жобаларға берілмек.

Сонымен қатар облыс әкімі мен облыс прокурорының тұрақты кездесулерін ерекше атап өткен жөн. Бұл кездесулер инвесторлар мен кәсіпкерлердің бизнеске қолдау көрсету, құқықтарын қорғау және жүйелі мәселелерді шешу жөніндегі сұраныстарына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы Президенттің әрбір инвестор мемлекет тарапынан нақты қолдауды сезінуі, ал бизнес құқықтарының сенімді қорғалуы тиіс деген ұстанымын толық қолдайды. Біз инвесторларды сүйемелдеуді, шағын және орта бизнесті қолдауды, бизнес-бастамаларды барлық деңгейде ілгерілетуді жалғастырамыз.

Мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігері іскерлік ахуалды нығайтып, жаңа жұмыс орындарын құрып, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді деп сенеміз. Жолдауда белгіленген міндеттердің жүзеге асуы – Әділетті Қазақстанды, тең мүмкіндіктер мен инвестицияға қолайлы жағдай жасалған елді құру жолындағы маңызды қадам болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174