«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкенттік кәсіпкерлерге бизнесті қолдау тетіктері түсіндірілді

2024 жылғы 08 Ақпан
- Шымкент қаласы
3362 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет көрсету кеңесінің отырысы өтті. Оған Палата басшылығы, мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, «Даму» қоры, «Аграрлық несие корпорациясының» Шымкент қалалық филиалдарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Жиын Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирде де жүргізілді.

Жиында жергілікті кәсіпкерлерге арналған қолдау тетіктері, бизнеске несие беру бағдарламалары таныстырылып, кеңінен түсіндірілді.

«Біз Орталық Еуропа мен Орта Еуразиядағы 38 елде жұмыс атқарамыз. Акционерлер қатарында Қазақстан, Еуропалық Одақ және Еуропа инвестициялық банкін қоса алғанда 73 мүше бар. Қазақстан экономикасына 10 млрд еуродан астам инвестиция құйылды. Жыл сайын 2 млн. еуродан астам қаржы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталады. Қысқа мерзімді жобалар – 3-6 ай көлемінде, ал ұзак мерзімді жобалар 12-18 ай көлемінде қарастырылады. Бұл тұрғыда 20 жылдан астам халықаралық тәжірибеміз бар», – деді Еуропалық қайта құру және даму банкі өкілі Махаббат Кабираева.

Ал «Даму» қорының Шымкент қалалық филиалының қаржылық қолдау жөніндегі бөлім басшысы Сабыржан Исақов қаржы институтының кәсіпкерлікті қолдауға арналған тетіктері туралы түсіндірді.

«Біздің кәсіпкерлікті қолдау бағдарламамызға, микро, шағын және орта бизнестің, әлеуметтік кәсіпкерліктің субъектілері қатыса алады. Сыйақының ақырғы мөлшерлемесі 7-10%, сомасы 15 млрд. теңгеге дейін бірнеше бағыт бар», – деді «Даму» қорының Шымкент қалалық филиалының қаржылық қолдау жөніндегі бөлім басшысы Сабыржан Исақов.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

«Мен – көп балалы анамын, 7 балам бар. 400 АЕК көлеміндегі грантты алып, кәсібімді бастадым. Енді маған айналымға қаржы жетпей тұр. Кәсібімді кеңейту үшін өзім жоғары пайызбен несие алдым. Қазір ай сайын төлеп жүрмін. Сіздерден қолдау сұрап келгенім – сол несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендете аламын ба?», – деді кәсіпкер Нұржамал Өмешова.

Кәсіпкерге жауап берген «Даму» қорының өкілі оны филиалға келіп, кеңес алуға шақырды.

Жиында, сонымен қатар, Тұран аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Алмас Керімбеков жеке кәсіпкерлердің 2024 жылы декларация тапсыру тәртібі мен мерзімін түсіндіріп, мобильді аударымға байланысты сұрақтарға жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер