«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – маңызды бағыттың бірі

2024 жылғы 06 Маусым
- Шымкент қаласы
5389 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Іскер әйелдер кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев, Іскер әйелдер кеңесінің жетекшілері мен кәсіпкерлер, қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Алдымен Еуропалық Қайту құру және Даму банкінің Шымкент қаласындағы өкілі Махаббат Кабираева сөз алып, өздері ұсынатын қызметтер туралы баяндады.

«Еуропалық Қайту құру және Даму банкі – халықаралық қаржы институты. Бір ерекшелігі – акционерлері жеке тұлғалар емес, 71 мемлекеттен тұратын инвестициялық банк. Бүгінге дейін Қазақстанда біздің банк арқылы 10 млрд АҚШ долларынан астам қаржы инвестиция құйылды. Жыл сайын еліміздегі жағын және орта бизнесті дамытуға 2 млн евроға жуық қаржы қаралады. Біз шағын және орта бизнестің қажеттілігі мен өзектілігіне орай жобаның мақсаты мен тапсырмаларын бірге әзірлеу, кеңесші, орындаушы мамандарды таңдауға көмектесу сияқты қызметтер мен жоба құнының 50-75 пайызына дейінгі мөлшерін өтейтін грант ұсына аламыз. Ол үшін сіздердің кәсіпкерліктеріңізде 4-тен 250-ге дейінгі штат, нарықта 2 жылдан астам тәжірибесі бар, айналымында кемінде 35 млн теңге қаржы болса, жеткілікті. Алкоголь мен шылым өндірісінен басқа барлық дерлік саламен жұмыс істейміз», – деді Еуропалық Қайту құру және Даму банкінің Шымкент қаласындағы өкілі Махаббат Кабираева.

Палата директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев елімізде іскерлікті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға барынша жағдай жасалғанына тоқталды.

«Бүгінде Шымкентте жалпы 129 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі болса, оның ішінде 50 пайызынан астамын әйелдер құрайды. Мемлекет тарапынан, жергілікті атқарушылар тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға қажет құралдар, мысалы, несиелерге субсидия қарастыру, гранттар секілді қолдау шаралары қарастырылған. Кейбір саладағы қызметтерге тиісті сертификат алу керек. Бізде, кәсіпкерлер палатасында жергілікті тауар өндірушілерге СТ-KZ сертификаты беріледі. Қаржылай қолдауға келсек, екінші деңгейлі банктер несие ұсынса, түрлі қаржы институттары тарапынан сол несиелердің пайыздық мөлшерлемесіне субсидия қарастырылған. Оған қоса 400 АЕК және 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріледі. Олардың әрқайсысының өзіндік талаптары бар. Мысалы, 400 АЕК көлеміндегі гранттар бойынша белгілі бір әлеуметтік санатқа тиесілі болуы керек, ал 5 млн теңге көлеміндегі грантта өтінім беру үшін әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне мүше болуы керек», – деді директордың орынбасары.

Мақсат Дүйсенбекұлы, сонымен қатар, мемлекеттік емес қаржы институттарымен бірге әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

«Атамекен» ҰКП – Еуропалық Қайту құру және Даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстандағы қыз-келіншектерге арналған «Микробизнестегі әйелдер» жобасының әріптесі. Бүгінгі таңда ЕҚДБ бойынша квота – 6 мың, ал USAID бойынша квота 60 мыңға жуық адамды құрайды. «Атамекеннің» қолдауы бойынша қазіргі таңда 416 өтінім берілген, оның ішінде 293-і мақұлданды. Жалпы, 2023 жылдың жұмысын айтар болсақ, еліміздің 20 өңірінде «Кәсіпке бағыт» және Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары бағыттары атқарылды. Оның ішінде «Кәсіпке бағыт» бойынша 976 шағын және орта бизнес субъектісі оқудан өтті, оның 45 пайызы – әйелдер. Ал Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарында 7 бағыт бойынша 13 159 қызмет көрсетіліп, 2485 әйел кәсіби оқу курстарына қатысты. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша 20 өңірде көрмелер ұйымдастырылып, 519 тауар өндіруші қатысты. «Қазақстанның үздік тауары» көрмелеріне 60 кәсіпкер іріктеліп алынды, олардың көбісі – әйелдер», – деді Мақсат Өткелбаев.

Кәсіпкерлер палатасының директоры алдағы жоспарлармен де бөлісті. Оның ішінде тамыз айына жоспарланып отырған қала әкімімен өтетін кездесу де бар. Жиналған кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды. Сонымен қатар тәжірибелерімен ортаға салып, кәсібін жаңа бастаған әріптестеріне ақыл-кеңестерін бөлісті.

Жиын соңында Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің алдағы уақыттағы жұмыс жоспары бекітілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер