«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

БИОМЕТРИЯЛЫҚ ИДЕНТИФИКАЦИЯЛАУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛМЕК?

2024 жылғы 21 Маусым
- Алматы облысы
1652 просмотров

Алматы облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен жекеменшік балабақшалардың  басшыларымен және экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Алматы облысы бойынша орынбасары Б.Е. Баяхметұлы, Алматы облысының цифрлық басқарма басшысы Ж. Сәбит, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысының орынбасары Е. Нүсіпбекұлы, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Л. Куленова, «BilimInvest» Талғар аудандық филиалының төрайымы Б.К.Уәлиханқызы, Алматы облысының білім беру басқарма басшысының орынбасары Е.Г. Мухамажанқызының қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Жалпы жиынның мақсаты - балабақшаларда биометриялық идентификацияны енгізу бойынша көкейтесті мәселелерді қарастыру мен түсіндірме жұмыстарын жүргізу болды.

Жоба интеллектуалды биометриялық сәйкестендіру арқылы балалардың жекеменшік балабақшаларға баруын есепке алу жүйесі болып табылады. Айта кетейік, енгізілгелі отырған пилоттық жоба - “Qazyna face”. Б.Е. Баяхметұлының айтуынша, мониторинг кезінде, балабақшаға балаларды жалған тіркеп қойып, сол үшін ақша алатын балабақшалар саны аз емес. Осыған орай, цифрлық жүйелерді енгізу арқылы мемлекеттің қаражатын нысаналы тиімді пайдалану функциясы атқарылатын болады.

Білім беру басқарма басшысының орынбасары: «Qazyna face қосымшасына енгізілетін деректерге толығымен жауапкершілік алынады. Барлық деректер тиісінше Ұлттық базалық деректер қорында сақталады», - дейді Е.Г. Мұхамажанқызы.

Цифрлық басқарма басшысы да, өз ойын жалғай кетті. «Ақпараттық қауіпсіздікті формализациялау бойынша арнайы кодпен сақталынатын биометриялық ақпараттар бәріне бірдей қолжетімсіз. Біз оған кепілдік бере аламыз. Заң аясында барлығы жүзеге асырылатын болады», - дейді Жандос Сәбит.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тәрбиешілердің күнделікті балалардың биометриялық ақпараттарын жіберу кезінде мәселелер туындамас үшін, алдын-ала ата-аналар мен тәрбиешілердің құзырлы органдармен кездесіп, тікелей толғандыратын сұрақтарын қоюын қамтамасыз етті.

Жандос Сәбит мырзаға қойылған сұрақтардың бірі – мобильдік қосымшаның ғаламторды қажет етуімен байланысты болды. Алайда, «qazyna face» үшін ғаламтордың биометриялық идентификациялау кезінде жақсы жұмыс істеп-істемеуі өзекті мәселе емес және ғаламтордың 1/2 таяқшасының ұстағанының өзі жеткілікті екенін айтты. Сонымен қатар, ғаламтор желісі ұстамаған күннің өзінде, ақпараттар базада сақталынып, кейіннен желі қосылғаннан бастап ақпараттар білім беру басқармасына жіберілетінінен хабардар етті.

Қорытындылай келе, пилоттық жоба Алматы облысының Іле және Еңбекшіқазақ аудандарында іске асырылып жатыр. Ендігі кезекте, биометриялық идентификациялау кезіндегі туындаған әртүрлі мәселелер өз шешімін табатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер