«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбылдық балмұздақ сұранысқа ие

2024 жылғы 25 Шілде
- Жамбыл облысы
3453 просмотров

Ең сәтті жобалар қарапайым арманнан басталады. Идея пайда болғаннан кейін адам арманына ұмтылса және сол бағытта жанкешті еңбек етсе, өнімді де өндіріп, табысын да тасытары даусыз. Ең бастысы – ісіңе сенім артып, қиындықтарға мойымау деп санайтын Жамбыл облысы Қордай ауданының кәсіпкер Ислам Давуз бүгінде балмұздақтың 120 түрін шығарып, өнімін күллі Қазақстанға таратып отыр.

Кез келген кәсіп нар тәуекелмен байланысты екені анық. Бұл ретте өз күшіне сену және мақсатқа іспен жету – өркендеуге апаратын жалғыз жол екендігін де ұмытпау керек. Кәсіпкерлер палатасының қызмет көрсету орталығынан кеңес алған. Ислам ұзақ жылдардан бері «Куликов и К» және «Қордай сүт өнімдері» сынды ірі кәсіпорындармен серіктес. Бүгінде кәсіпорын шығаратын өнімдер Қазақстаннан тысқары жерлерге де етене таныс. Мұндай жетістіктің сыры – табиғилық пен жоғары сапада.

Кәсіпкер Ислам Давуз жетекшілік ететін кәсіпорын кондитерлік және сүт өнімдерін шығаруға маманданған. Қазіргі уақытта «Сладари» маркасы кондитерлік өнімдердің 70-тен астам түрін қамтиды. Нарықта шыққалы бері 17 жылдан астам уақыт бойы «Куликов и К» тұтынушылардың сүйіспеншілігін иеленумен қатар, бірнеше мәрте кәсіпкерлік саласындағы ең жоғары марапаттарға ие болды. Осы жылдар ішінде мұнда көптеген өз ісінің маманы дайындалды. Олардың жетістігі Ислам Давуздың үлкен мақтанышы.

Айта кетсек, іскер азамат өндірісте жаңа технологияларды енгізуге ерекше ден қояды. Кәсіпкер ең алдымен, тек табиғи шикізатты пайдалануды қолдайды. Бұл принцип барлық өндірілген өнімдерге қолданылады. Бірегей технологияларды енгізу тіпті ұзақ қашықтыққа тасымалданғанда да, белгілі бір уақыт кезеңінен кейін де сапаны сақтауға септігін тигізеді. Қазіргі уақытта кәсіпкер Еуропаға экспортқа шығарылатын өнімдердің жаңа желісін шығаруды жоспарлап отыр.

Кәсіпкер сәтті жүзеге асырып жатқан тағы бір ауқымды жоба – сүт саласы. Дәлірек айтсақ, балмұздақ пен май өндіру. Қазір серіктестік балмұздақтың 120 түрін шығарады. Сұраныс артқан сайын ассортиментті көтеру мәселесі туындайтыны анық. Қордай жерінде өндірілген балмұздақ түрлерін Қазақстанның барлық дерлік қалаларының дүкен сөрелерінен табуға болады. Арнайы қоспаларды құрамына қолдана отырып, Ислам Исмарұлы балмұздақтың эксклюзивті түрлерін жасап шығарды. Осылайша кәсіпкер мен оның ұжымы бала кезімізден бізге таныс «Пломбир» мен «Каракум» сияқты тәтті тағамдарға ерекше дәм бере білді. Мұздатылған және кептірілген жидектерді қосу арқылы балмұздақтың жаңа түрін іске қосу күткен нәтижеден де асып түсті. Әсіресе, табиғи таңқурай мен құлпынай дәмі «Сладари Востока» өніміне ерекше реңк береді. Сонымен қатар, компания тұтынушылардың кез-келген қалауын ескерген, мәселен талғампаздар үшін «стаканчик» нұсқалары және брикеттегі балмұздақтар бар. Айта кету керек, өнімдерді жеткізуде арнайы брендтелген көліктер қолданылады, тәтті өнімді тасымалдаған «Сладари» брендін алыстан байқамау мүмкін емес. Шын мәнінде, арнайы өндіріс технологияларынан басқа, өнім үшін жарқын, түрлі-түсті қаптама дизайны да маңызды рөл атқарады. Осы бөлшектердің барлығы Қордайдың кең танымал «Сладари» брендінің бейнесін жасайды.

Ислам Исмарұлы ертеңін ойлайтын, еңбек етуден ерінбейтін кәсіпкер. Ол тәуекелге барып, сонда ғана жоғары деңгейге жетеріне сенімді.

«Кез келген саланың алға басуы мен толағай табысқа жетуі ұжымның үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Ол үшін мамандардың жағдайына, әлеуметтік мәселелеріне мән беру маңызды. Әрбір кәсіпкер іс бастамас бұрын өзін жетілдіруі тиіс. Іс барысында да үнемі ізденіс үстінде болуы қажет. Өзіне және ұжымына сенімді адам ғана мақсатына жете алады»,– дейді кәсіпкер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер