«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлерге субсидия қаржысы тиісті мөлшерде аударылады

2024 жылғы 29 Қараша
- Шымкент қаласы
4482 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында несие мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қаржысын талқылаған жиын өтті.

Оған Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев, «Даму» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Жомарт Ермағанбет, кәсіпкерлер қатысты.

Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсетіліп, «Даму» АҚ тарапынан несие мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша жобалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

«Жалпы, «Даму» қоры кәсіпкерлердің бизнестерін дамытуға қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда Шымкент қаласында «Бизнестің жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 2021-2024 жылдар аралығында кәсіпкерлер несиесі мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша 4 мыңнан астам жобаға қол қойылды. Оның ішінде 2024 жылдың басынан бері 1200-ге жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне 62,1 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. 738 жобаға жалпы сомасы 49 млрд теңге несиенің субсидиясы бөлінуде. Бүгінгі таңда субсидияны алуда кәсіпкерлік субъектілерінде бірқатар мәселе бар екені анықталды. Осы мәселенің шешімін табу үшін жиналып, тиісті ұйым басшыларын шақырып отырмыз», – деді Бауыржан Бердалиев.

Жиналған кәсіпкерлердің атынан Auzhan KTL мектебінің құрылтайшысы Тұран Абжанов сөз алып, субсидия қаржысының бірер ай төленбегенін, соның салдарынан қаржылық күрделіліктер туындап отырғанын жеткізді.

Бұл сауалдарға «Даму» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Жомарт Ермағанбет жауап берді.

«Қазіргі уақытта субсидиялау үшін жобалары мақұлданған барлық кәсіпкерлер қаржының түсуін күтіп отыр. «Даму» қоры бұл қолдаудың бизнес үшін маңызды екенін түсінеді және уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Қазіргі уақытта Қор мемлекеттік бюджеттен қажет қаржы түсуін күтіп отыр және бұл процессті жылдамдату және төлемдерді жақын арада аяқтау үшін барлық іс-шараларды жүзеге асыруда», – деді «Даму» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Жомарт Ермағанбет.

Жиын барысында кәсіпкерлер осындай бағдарламалардың алдағы жылдары жалғасуына қызығушылық танытып, жеңілдетілген несиелерді кәсіпкерлерге тікелей бөлу туралы ұсыныстарын білдірді.

«Жалпы, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары өңір экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етуде. 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер Шымкент қаласында 11,2 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 316 млрд. теңге көлемінде салық төледі. Кәсіпкерліктің дамуы үшін жеңілдетілген несиенің маңызын жақсы түсінеміз. Біздің басқарма осы бағдарламаның әкімшісі, ал «Даму» қоры қаржы операторы ретінде әріптестікті күшейтіп, келесі жылы жеңілдетілген несие жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев.

Кәсіпкерлер өздерін толғандырған басқа да сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Атамекен» ҰКП бизнесті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасын (БКП) қаржыландыру мәселесін көтерген болатын

Сол кезде Ұлттық палата мен «ДАМУ» қоры Қаржы министрлігімен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, қаражат бөлу мәселесін пысықтау қажет деген ортақ пікірге келген.
Қабылданған шаралар ағымдағы жағдайды шешіп қана қоймай, алдағы уақытта осындай жағдайларды алдын алуға бағытталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер