«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жобасы Алматы қаласында да енгізілмек

2025 жылғы 13 Наурыз
- Алматы қаласы
457 просмотров

Дереккөз: Time.kz

«Атамекен» ӨКП алаңында мектепке дейінгі жеке меншік білім беру жүйесінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер ваучерлік қаржыландыру жүйесін талқылады. Zoom-конференция арқылы «пилоттық» жоба енгізілген өңірлердегі әріптестер жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктерін айтып ой бөлісті.

2024 жылдан бастап Қазақстанның бес өңірінде – Орал, Тараз, Түркістан, Шымкент және Астанада ваучерлік қаржыландыру әдістемесін қолдана отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша «пилоттық» жоба енгізілді.

Жүйе негізінен ыңғайлы, дейді конференцияға қатысушылар. Мемлекет қаражатты мекемелерге емес, әр балаға бөледі. Ата-аналар меншік түріне қарамастан кез-келген ыңғайлы балабақшаны таңдай алады. Ваучерлер білім басқармаларынан қаржыландыру түсуіне қарай беріледі.

Дегенімен, кемшіліктері де жоқ емес. Балабақшаларда бос орындар бола тұрып, ваучерлер бөлінбейді. Жеке меншіктегі балабақшаларды бұл шығынға апарады. Сонымен қатар, Алматы, Талдықорған және басқа да бірнеше өңірді жүйеге 2025 жылдың шілдесінде қосу жоспарланған болатын. Жазда балалар саны едәуір азаяды, себебі ата-аналардың көбісі еңбек демалысына шығады. Тиісінше, бала бақшаға келушілерге толтырылатын табель де ортаяды. Ол дегеніміз, бала санына байланысты қаржыландыру да төмендейді. Осыған орай жеке балабақша иелері жүйені көктемде немесе күзде енгізуді сұрайды.

«Жүйеде әлі де көптеген кемшіліктер бар екенін көріп отырмыз. Жоба толық апробациядан өтіп, пысықталып, содан кейін бүкіл ел бойынша енгізілгенін қалаймыз», - деп Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі Любовь Айтхожина жиналған кәсіпкерлердің ортақ ойын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер