«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіптік білім беру Форумы: жаңа технологияларды енгізу және жұмысшы мамандықтарын танымал ету

2025 жылғы 14 Наурыз
- Алматы қаласы
222 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Алматы құрылыс-технологиялық колледжінде «Еңбекқорлық пен кәсібилік –қоғамымыздың басты құндылықтары» атты кәсіби білім беру жүйесіне қатысушыларының қалалық форумы өтті. Оның ұйымдастырушылары «Алматы қалалық жергілікті «Ұстаз» кәсіподағы ҚБ және Алматы қаласының білім басқармасы.

Іс – шара аясында «Жұмысшы мамандықтар - ел дамуының тірегі» көрмесі ұйымдастырылды, онда қатысушылар қаламыздың колледждерінде даярланатын түрлі мамандықтардың бірегей аспектілерімен танысты.

Депутаттар, әлеуметтік серіктестер, мектептердің кәсіптік бағдар берушілері, Алматы қаласы білім басқармасының және өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері оқыту процесіне әлемдік стандарттардың жаңа технологияларын енгізуді және жастар арасында жұмысшы мамандықтарын танымал етуді талқылады.

Форум жұмысшы мамандықтар жылына арналды. Қатысушылар колледж түлектеріне еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін әлемдік стандарттарға бағдарланған оқытудың жаңа тәсілдері мен заманауи әдістерін енгізу маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларының ажырамас бөлігіне айналатын заманауи цифрлық технологияларды пайдалануға назар аударылды.

Әлеуметтік серіктестер мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері білім беру мекемелері мен бизнес-қоғамдастық арасындағы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Бұл ынтымақтастық студенттерді тәжірибелік  оқытуға, тағылымдамадан өтуге және жұмысқа орналасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ, жастар үшін жұмыс орындарын құру талқыланды, бұл еңбек нарығын тұрақтандырудың және жас мамандарды сұранысқа ие дағдылармен қамтамасыз етудің негізгі аспектісі болып табылады.

Алайда, жұмысшы мамандығын тек жастар ғана емес, кез келген адам және кез келген жаста игере алады.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жұмыссыз азаматтардың қысқа мерзімді кәсіптік курстардан өту және кейіннен жұмысқа орналаса отырып, жұмыс орнында оқыту мүмкіндігі бар. 2017 жылдан бері «Атамекен» техникалық және қызмет көрсету саласындағы мамандықтары бойынша кәсіптік даярлау, біліктілікті арттыру және біліктілік беру бойынша оқу орталықтарының тізілімін жүргізеді. Жұмыс берушілердің мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен оқу орталығын ашуға және өз компаниясына қажетті маман даярлауға мүмкіндігі бар», - деп атап өтті Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Жанар Төребекова.

Білікті жұмысшы кадрларды қажет ететін қарқынды дамып келе жатқан экономика жағдайында жұмысшы мамандыұтардың беделі төмен деген стереотиптен ажыру қажет. Себебі, қазіргі таңда кәсіптік оқыту орындары соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Жастардың жұмысшы мамандықтарын тұрақты жұмыспен қамту жолы ретінде ғана емес, өз ісін өрге домалатуға мүмкіндігі ретінде көруі маңызды.

«Алматы қаласының білім басқармасы Қытайдағы білім беру ұйымымен келісім жасасты. Оның аясында қаламыздағы 8 колледж Чунцин қаласындағы альянста жұмыс істейтін болады. Бұл колледждерді жабдықтауды, студенттер мен оқытушылармен алмасуды және оларды оқытуды көздейді. Біз бүгінгі таңда жоғары сұранысқа ие бағыттарды таңдадық: автомашина жасау, жасанды интеллектті қолданып цифрландыру және пайдалану жүйесі, сондай - ақ лифт шаруашылығы және экскаваторшылар», - деді Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Тәжібаев.

Бұл идеяны ілгерілетуде мектеп басшылары шешуші рөл атқарды. Олар оқушыларға жұмысшы мамандықты таңдағанда алдыларында қандай мүмкіндіктер ашылатынын түсінуге көмектеседі. Мамандық таңдаудың саналы болуы, сондай-ақ болашақ маманның мүдделері мен қабілеттеріне сәйкес келуі маңызды.

Форум қала колледждерінің ең белсенді және креативті қызметкерлерін ҚР оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттарымен және төсбелгілерімен марапаттауымен аяқталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер