«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда үздік жергілікті тауар өндірушілер анықталды

2025 жылғы 01 Маусым
- Атырау облысы
2893 просмотров

Атырау қаласындағы «BAIZAAR» сауда-ойын-сауық орталығында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» республикалық байқау-көрмесінің өңірлік кезеңі өтті. Шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.

Байқауды облыстық кәсіпкерлік және индустрия басқармасының қолдауымен Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жыл сайын ұйымдастыруда. 

Қатысушылардың қатарында өз ісінде үлкен тәжірибесі бар тауар өндірушілермен қатар, кәсібін жақында ғана бастаған, алайда олардың өнімі халық арасында сұранысқа ие кәсіпкерлер де болды. Олар құрылыс материалдары, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және т.б. өнімдердің  кең ауқымын ұсынды.

Шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, тауар өндірушілердің өнімдерімен танысып, олардың сапасына жоғары баға берді. Әкім атынан барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биыл «Қазақстанның Үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің өңірлік кезеңіне қала мен ауданнан 50-ден астам кәсіпкер қатысты. Олар өз өнімдерін үш номинация бойынша ұсынды: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік өнімдері» және «Халыққа арналған үздік тауарлар».

«Биыл Атырау облысы өңірлер арасында бірінші болып байқауды бастады. Бұл жыл байқау үшін ерекше – мерейтойлық, себебі ол оныншы рет өткізіліп отыр. Қуантатыны – қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, өткен жылы 47 тауар өндіруші қатысса, биыл олардың саны 52-ге жетті. Сонымен қатар, байқау аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жергілікті кәсіпкерлердің көрмесі ұйымдастырылды, оған 33 бизнес субъектісі қатысуда. Жалпы алғанда, бүгін 85 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды, ал байқауға қатысуға ниет білдіргендер саны 93-ке жетті», – деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.


Қазылар алқасына «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік кезеңінің қорытындысын шығару оңайға соқпады, себебі қатысушылар ұсынған өнімдердің сапасы бір-бірінен кем түспеді.

Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша жеңімпаздар атанды:

  • «КасХим» ЖШС,
  • «Centech» ЖШС,
  • «Edyge» ЖШС.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңіске жеткендер:

  • «Назар» ЖК,
  • «Бекарыс» ЖК,
  • «Нұрриза» ЖК.

Ал «Үздік азық-түлік өнімі» номинациясында үздік деп танылғандар:

  • «Абылай-хан» ЖШС,
  • «Раяна» ЖК («Perizat tattileri» брендімен),
  • «Асыл-Ана» ЖШС.

Аталған 9 жеңімпаз жыл соңында елордада өтетін республикалық байқауға қатысады. 

Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өткен көрме қатысушыларының ішінен 10 тауар өндіруші іріктеліп алынды. Ендігі кезеңде жұмысқа бренд-комитет қосылып, сол он кәсіпкердің арасынан 3 үздік өндірушіні таңдайды. Олар республикалық деңгейде өтетін көрмеге қатысу мүмкіндігіне ие болады.

«Бұл жоба Қазақстанда үшінші жыл жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсаты – жергілікті өндірісті арттырып, оны бәсекеге қабілетті ету. Атырау облысы бойынша 40-қа жуық тауар өндіруші қатысуда, олардың 90%-ы – ауыл тұрғындары. Жобаның аясында қатысушыларға нарыққа шығуға көмек көрсетіліп, қажетті дағдылар бойынша оқыту ұйымдастырылады. Сонымен қатар, олар мемлекеттік гранттар конкурсына да қатыса алады», – деп атап өтті «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі Гүлнар Сейтжапарова.

Көрмеге қатысқан барлық тауар өндірушілер алғыс хаттармен марапатталды, ал жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер