Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасына түскен өтініштердің жартысы бизнес пайдасына шешілді
2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жұмыстардың нәтижелері туралы Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев өңірлік кеңестің мүшелеріне есеп берді.
Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ӨКП қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
2025 жылдың 6 айында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында 30 өтініш қаралды, оның 14-і (47%) бизнес пайдасына шешілді. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 4,6 миллион теңгеден асты.
Одан бөлек, ӨКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі консультациялық көмек көрсетеді. Бүгінгі күні бұл көмек 200-ден астам бизнес субъектісіне ұсынылды.
«Негізінен, өтініштер архитектура, құрылыс және қала құрылысы, жер қатынастары, экономика және қаржы, мемлекеттік сатып алулар, АШК, салықтар және азаматтық-құқықтық даулар салалары бойынша түседі. Соңғы жылдары бизнестен түскен өтініштердің саны азайғанымен, олардың күрделілігі артуда, яғни бұл бір күндік мәселелер емес, мұқият талдауды және үлкен жұмысты қажет ететін сұрақтар. Бизнестің мәселелерін шешуде Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесі маңызды рөл атқарады. Бүгінгі күні Кеңестің 5 отырысы өтіп, 9 мәселе қаралды. Қорытынды бойынша 17 ұсыныс берілді, оның 13-і оң шешілді», – деп хабарлады Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.
Спикердің айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін қорғау аясында, сондай-ақ процессуалдық сот құжаттарын (іс талаптары, апелляциялық және кассациялық шағымдар, пікірлер және т.б.) дайындауға көмек көрсетіледі. 2024 жылы және 2025 жылдың 5 айында Палатаның сарапшылары 15 сот процесіне қатысты (12 – 2024 жылы, 3 – 2025 жылы), оның 8 ісі (65%) кәсіпкерлер пайдасына шешілді.
Бизнеске сервистік қолдау көрсету аясында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 313 ШОБ субъектісіне 2 түрдегі 321 қызмет көрсетілді: бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, сондай-ақ статистикалық есептілікті дайындау және бизнес-жоспар әзірлеу қызметтері.
Аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарындағы ақпараттық қамтамасыз ету бойынша консультанттар 788 клиентке мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2385 консультация берді. «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында кәсіпкерлерден 6 өтінім қабылданды, оның 2-і Германияда тағылымдамадан өтетін болады.
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы сондай-ақ адам капиталын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Бүгінгі күні дуалды оқыту Жол картасы бойынша облыста 16 колледжде 14 сала бойынша 2846 студент дайындалып жатыр, олар 998 кәсіпорында (19 – ірі, 41 – орта, 854 – шағын, 84 – мемлекеттік) 53 мамандық пен 66 техникалық және кәсіптік білім беру біліктіліктері бойынша білім алуда. Дуалды оқыту туралы келісімдер жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде тұрақты түрде жасалады.
«Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Менторлық мектебінде 44 кәсіпорынның менторы оқып, сертификаттар алды. «Атамекен» ҰКП тізіліміне 18 оқу орталығы енгізілді, оның ішінде 4 кәсіпорын жанындағы оқу орталығы: «Internationalsafetystandard», «Онерпаз», «Едиль-Орал KZ», «ААЦ Сварка» ЖШС», – деп хабарлады өңірлік Кәсіпкерлер палатасының басшысы.
2025 жылдың 5 қаңтарынан 26 наурызына дейін 1915 кәсіпорын сауалнамаға қатысты, 2538 адам кадрлар ретінде қажет екендігі анықталды. Нәтижелер 2024-2025 оқу жылдарына мемлекеттік тапсырысты орналастыруда және қысқа мерзімді оқыту кезінде басымдықтарды таңдауда пайдаланылатын болады.
Сондай-ақ Нұрлан Сүйінбаев Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің қызметінің маңыздылығына ерекше назар аударды. Олардың негізгі міндеті – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ нақты салалардағы бизнесті дамыту мен қолдауды жүзеге асыруға қатысу.
Бүгінгі күні әртүрлі бағыттар бойынша 8 кеңес жұмыс істейді, оның құрамында жалпы саны 260-тан астам адам бар. Есепті кезеңде 18 отырыс өткізілді, 32 мәселе қаралды, оның 12-сі шешілді, қалғандары жұмыс үстінде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: