«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске бөгет емес, мүмкіндік керек!

2025 жылғы 04 Тамыз
- Абай облысы
308 просмотров

Абай облысы Кәсіпкерлер палатасында А.С. Дускужановтың төрағалығымен өткен Өңірлік кеңес отырысына Палата директоры М.А. Суйчинов пен кеңес мүшелері қатысып, өңір кәсіпкерлігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Жиын барысында Палатаның 2025 жылдың бірінші жарты жылдығындағы басым бағыттары таныстырылып, бизнес өкілдеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар мен іске асып жатқан жобалар туралы мәлімет берілді. Кәсіпкерлер өз сөздерінде өңірдегі кәсіпкерліктің күнделікті тынысына әсер етіп отырған нақты жайттарды ортаға салды.

Соның ішінде Алакөл жағалауының инфрақұрылымдық ахуалына қатысты мәселелер көтерілді. Су, кәріз, жарықтандыру жүйесінен бөлек, сауда жасау орындарының нақты белгіленбеуі мен көлдің экологиялық жағдайына тікелей қауіп төндіретін моторлы қайықтардың қолданылуына шектеу қою мәселесі айтылды. Оған қоса көл маңайындағы арнайы автотұрақтың жоқтығы да туристтік орынның өзекті мәселелерінің бірі. Бұл түйткілдерге қатысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Туризм басқармасы секілді уәкілетті органдарға ұсыныстар жіберілетін болады. Мұндай жұмыстар тек инфрақұрылымды жақсартуға емес, өңірдің экологиялық және инвестициялық тартымдылығын арттыруға да бағытталмақ.

Бұған қоса, қазіргі таңда өндірістік сектор өкілдері үшін өзекті мәселелердің бірі – кәсіпорындардағы маңызды қызмет атқаратын жұмысшылардың әскери жиындарға шақырылуы. Бұл өз кезегінде өндірістік үдерістердің тоқтап қалуына әкеледі. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл бағытта нақты және жүйелі тәртіп қалыптаспаған. Кеңес төрағасы тарапынан алдағы уақытта осы сұрақ аясында облыстық Қорғаныс істері департаментімен арнайы жиын өткізуді жоспарға енгізу керегі айтылды. Бұл жағдай өз кезегінде кәсіпорындардағы кадр тапшылығымен қатар қаралды. Колледждерден жыл сайын жұмысшы мамандар даярланғанымен, олардың еңбек нарығына шықпауы – өңірдегі кәсіби ресурстың тиімді қолданылмауына себеп болуда. Кеңес мүшелері бұл мәселені білім беру ұйымдарымен және уәкілетті органдармен бірлесе отырып шешу қажет екенін айтты.

Сонымен бірге, кәсіпкерлер тарифтік саясатқа қатысты әлі де күрмеуі қиын мәселелердің шешілмей тұрғанын жеткізді. Электр қуаты мен теміржол тасымалы бағасының тұрақсыздығы, оның бірнеше мәрте қымбаттауы —өнімнің өзіндік құнына әсер етуде. Қаржылық қолжетімділік мәселесіне келгенде, банктердің несие беру талаптарындағы аннуитеттік жүйе мен қосымша комиссиялар кәсіпкерлерге айтарлықтай ауырлық салып отыр.

Көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу Палатаның алдағы жұмысында басым бағыттардың бірі ретінде қаралады. Ілгеріде атқарылатын шаралар кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруға негіз болады деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер