Жергілікті өндірушілерді қолдаудың жаңа кезеңі: «Жамбыл облысында жасалған» жобасы
Жамбыл облысында өңірлік тауарларды ілгерілету және жергіілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жаңа «Жамбыл облысында жасалған» жобасы басталды. Бұл бастама «Тараз» көтерме-тарату орталығымен (КТО) бірлесе отырып, отандық өндірушілерге өз өнімдерін сатуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыров жобаның маңыздылығын атап өтті: «Бұл - біздің өңірдегі өндірушілерге арналған үлкен мүмкіндік. Жамбыл облысында сүт пен ет өнімдерінің өндірісі өте жақсы дамыған. Енді олар өз өнімдерін КТО-ның заманауи павильондарында жеңілдікпен сатумен қатар, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Мысалы, шеберлік сабақтарын, дәм тату және жарнамалық акциялар өткізу арқылы өз тауарларын танымал ете алады».
Жобаға кез келген кәсіпкер қатыса алады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан бастап, шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріне дейін.
Сауда салалық кеңесінің төрағасы Самат Үрпеков бұл жобаның екі тарапқа да тиімді екенін айтты: «Біз өндірушілер мен сатып алушылар арасындағы байланысты нығайтқымыз келеді. Жоба арқылы тұтынушылар сапалы жергілікті өнімдерді, мысалы, киім, үй тауарлары және тамақ өнімдерін оңай таба алады. Бұл жергілікті брендтерге бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі».
«Жамбыл облысында жасалған» жобасы арқылы тұтынушылар сапалы әрі қолжетімді жергілікті өнімдерді сатып алуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикасын нығайтуға және жергілікті тауарларға деген сенімді арттыруға септігін тигізеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: