БАБӨ жобасы: идеядан нақты бизнеске дейін
Бүгін Алматыдағы көпшілікке танымал Көк базарда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының «Nomad Bazaar» тұрақты сауда нүктесінің ресми ашылуы өтті. Аталмыш оқиға «Атамекен» ҰКП және Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен жүзеге асырылып жатқан БАБӨ жобасы үшін маңызды белес болды.
«Бір ауыл – бір өнім» бастамасы жергілікті қауымдастықтарды дамытудың жапондық тәжірибесіне негізделген әрі бірнеше жылдан бері Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – ауыл кәсіпкерлері мен қолөнершілерді жергілікті ресурстар негізінде бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруге тарта отырып, өңірлердің экономикалық тұрақтылығын арттыру. JICA-мен серіктестік құру нәтижесінде қазақстандық өндірушілер халықаралық көрмелерде, соның ішінде FOODEX Japan шарасында өз өнімдерін таныстыруда, онда қазақстандық «Жантақ» балы әлемдегі үздік үш өнімнің қатарына енді. Енді жоба жаңа деңгейге шықты – Nomad Bazaar сауда орнында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және аймақтағы басқа елдердің өнімдері мен бұйымдары осы жерде жинақталды.
Nomad Bazaar ашылу рәсімін «Атамекен» ҰКП-ның Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің басқарушы директоры Гүлия Батырханқызы бастады. Өз сөзінде ол бұл қадамның өңірлік кәсіпкерлік пен халықаралық ынтымақтастық үшін маңыздылығын атап өтті.
«Біз бүгін осы алаңда тек қазақстандық емес, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Орталық Азияның басқа елдерінен шыққан өндірушілердің тауарлары ұсынылғанына өте қуаныштымыз. Бұл – біздің өңірдің дарындарға, дәстүрге және әлемдік деңгейге сай өнімдерге бай екендігінің айқын дәлелі. Көк базар – Алматыдағы сатып алушылардың ең көп келетін орындардың бірі, мұнда шетелдік қонақтар да көп болады. Бұл – біздің өндірушілерімізді ішкі нарықта дамытуға ғана емес, сонымен қатар олардың өнімдерін шетелдік серіктестерге таныстыруға тамаша мүмкіндік. Алдағы уақытта біз жапондық JICA компаниясымен бірге осындай сауда нүктелерін көбейтуді жоспарлап отырмыз, осы арқылы отандық кәсіпкерлерге серіктестер табуға және өсуге жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті ол.
JICA OVOP (БАБӨ) халықаралық жобасының серіктесі Кендзи Накамура мырза да жобаның табыстылығын атап өтті.
«БАБӨ жобасы Орталық Азияның бірнеше елінде табысты жүзеге асырылып келеді, енді Қазақстанда да жергілікті өндірушілердің тауарлары ұсынылған алғашқы тұрақты сауда алаңының ашылғанына біз өте қуаныштымыз. Біз үшін осы бастаманың бір бөлігі болу – үлкен мәртебе, себебі ол жергілікті қауымдастықтарды дамытуға, жұмыс орындарын құруға және өңірдің ерекше өнімдерін насихаттауға көмектеседі. Алдағы уақытта Қазақстандағы жаңа БАБӨ нүктелерін қолдаумен қатар, қазақстандық тауарларды Жапонияға экспорттауға ықпал етуді жоспарлап отырмыз. Қазақстандық шеберлердің бұйымдары біздің елімізде де сатып алушыларын табуын қалаймыз», – деді Кендзи Накамура.
Nomad Bazaar – шығармашылық және қолөнер брендтері үшін жаңа сауда алаңы. Дүкен Көк базардың орталық павильонында орналасқан, «нео-номад» стилінде безендіріліп, Орталық Азия қолөнер дәстүрлерінің эстетикасы мен рухын көрсетеді. Сауда залында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген кеңесшілер жұмыс істейді әрі онда дәм тату аймағы да орналасқан және онлайн сатуды бастау жоспарлануда. «Атамекен» палатасының қолдауымен жобаның қатысушылары Орталық Азияның бірыңғай БАБӨ брендінің аясында өнімдерін сатуға, сапасын жақсартуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік алады. Nomad Bazaar тұрақты негізде – күн сайын 9:00-ден 18:00-ге дейін (дүйсенбіден басқа күндері) Көк базардың орталық павильонында жұмыс істейді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: