«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Оңайлатылған режимнен айыру – тұтынушыны жазалау»: Палата мен бизнес шектеулер тізімін талқылауда

2025 жылғы 09 Қазан
472 просмотров

Бұл тізім бөлшек саудада жұмыс істейтін барлық қызмет түрлері бойынша өндірістің төмендеуіне, бағаның өсуіне және білікті мамандардың елден кетуіне алып келуі мүмкін.

«Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің отырысында Мәжіліс депутаттарының, салалық қауымдастықтар мен ШОБ өкілдерінің қатысуымен шектеу тізімі талқыланды.

Еске сала кестек, бүгінде оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізбесіне қатысты Үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғам талқысына ұсынылған.

Бұл тізімге енетін қызмет түрлері ел бойынша көптеген кәсіпкерлердің жұмысына тікелей әсер етеді. Қаулы жобасы 26 қыркүйекте жарияланды, ал қоғамдық талқылау мерзімі – 16 қазанға дейін.

Қазір 795 қызмет түрін қамтитын бұл тізімді қайта қарау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекеттік органдарды бұл тізімді қысқарту қажеттігіне сендірудің нәтижесінде бөлшек саудаға қатысты ең кең таралған ЭҚЖЖ кодтары одан алынып тасталды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов бұл бағыттағы жұмыстар алғашқы нәтижелерін беріп жатқанын айтты.

«Біздің міндет – барлық айтылған дәлелдерді жинақтап, жедел түрде Ұлттық экономика министрінің атына жолдау. Уақыт бар кезде, бұл шектеу тізімінен бөлшек саудада адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің барлығын шығарып қалуымыз қажет», – деді ол.

Бұл ретте ШОБ өкілдері қазіргі тізім ескі тәсілдерге негізделгенін және көптеген адал кәсіпкерлерді жалпыға бірдей салық режиміне өтуге мәжбүрлейтінін айтып, министрлікке оны қайта қарауды ұсынуда.

Негізгі сын – шектеу енгізудің құралы ретінде Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішін (ЭҚЖЖ) қолдануға қатысты қойылып отыр. Сарапшылар ЭҚЖЖ ірі бизнес пен ұсақ өндірісті нақты ажырата алмайтынын атап өтуде.

Олардың айтуынша, қазіргі тізімде ірі бизнеске жатпайтын, бірақ жалпы режимге өтсе, айтарлықтай зардап шегетін қызмет түрлері әлі де бар.

ШОБ дамыту комитетінің төрағасы Сәкен Кариннің айтуынша, бөлшек саудамен айналысатын қызмет түрлерінің шектеу тізіміне кездейсоқ еніп кету фактілері бар. Сонымен қатар, шектеу механизмін толықтай қайта қарау ұсынылды: ЭҚЖЖ кодтарына сүйену жеткіліксіз.

Сарапшылардың айтуынша, ЭҚЖЖ-да халыққа арналған шағын өндірісті кәсіпорындар мен қызметтердің және ірі корпоративті бизнестің ара-жігін ажырататындай белгілер жоқ. Мысалы, шектеу тізіміне енгендер арасында: ұсақ зергерлік шеберханалар, аз толқынды желілерді монтаждау бригадалары (бейнебақылау, сигнализация, Wi-Fi), сабын және иіссу шығаратын шағын цехтар. Бұның бәрі – оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істеуге толықтай құқылы шағын және орта бизнес субъектілері.

Сондай-ақ, ЭҚЖЖ – ескірген құрал екені атап өтілді. Көптеген бизнес ЭҚЖЖ жүйесіне мүлдем сәйкес келмейді, бұл да әділетсіз шешімдерге себеп болып отыр.

Парламент депутаты Айтуар Қошмамбетовтың пікірінше, клиенттері жеке тұлғалар (B2C) болатын кәсіпкерлерге арнайы салық режимін таңдау құқығын қалдыру қажет.

"Бұл тәсіл қосарланған салық салу мәселесін де шешеді. Жалпыға бірдей режимдегі серіктес жеңілдетілген режимдегі контрагентке төленген шығындарды шегере алмайды", – деді ол.

Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл ұсыныс тұтынушы үшін тауарлар мен қызметтердің қымбаттап кетуінің алдын алады.

«Бизнес-клуб «Алтын Орда» ҚБ төрағасы Қанат Елеусізов ТКШ саласын мысалға келтірді.

«Егер тұрғын үйді басқарумен айналысатын компанияларды жалпыға бірдей режимге ауыстырсақ, бұл тарифтердің өсуіне алып келеді. Мұнда ірі бизнес жоқ, тек халыққа қызмет көрсететін сала бар. Оңайлатылған режимнен айыру – тұтынушыны жазалау», – деді Қанат Елеусізов.

Сарапшылар мен кәсіпкерлердің пікірінше, келесі салалар толықтай тізімнен шығарылуға тиіс:

- Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу: өз жер телімі жоқ ұсақ өнім шығарушылар (тосап, шұжық).

- Білім беру және денсаулық сақтау: балабақшалар, мектептер, психологтар, сондай-ақ клиенттері тек жеке тұлғалар болатын басқа да қызмет түрлері.

- ТКШ және тұрғын үй басқару: тұрғындармен жұмыс істейтін басқарушы компаниялар мен МИБ.

- IT-сектор: фрилансерлер мен бағдарлама жасаушылар – режим қатаңдаса, басқа елдерге тіркеліп кетуі мүмкін. Бұл қазақстандық бизнестің бәсеге қабілеттілігін төмендетеді.

Жаңа шектеулер жоғары білікті мамандардың кетуіне әкелуі мүмкін.

 «IT-секторды да ұмытпауымыз керек. Фрилансерлер мен бағдарламашыларға салық қысымы артса, олар Қазақстаннан тыс жерге тіркеліп, жұмыс істей бастайды. Бұл бәсекеге қабілеттілікті төмендетіп, кадр тапшылығын тудырады. Білім беру мен репетиторлық қызметтер де дәл осылай – 100% жеке тұлғаларға бағытталған», – деп атап өтті кәсіпкер әрі салық консультанты Әсемгүл Амиркенова.

Бизнес-қауымдастық ҰЭМ бұл ескертулерді ескеріп, қаулы жобасына соңғы бекітуге дейін қажетті өзгертулерді енгізеді деп үміттенеді. Барлық ұсыныстар мен сараптамалық қорытындылар жақын арада министрлікке жіберіледі, деп қорытындылады Сәкен Карин.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174