Атырау қаласында Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру жұмыстары жалғасуда
Н.Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығында ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен кездесу-семинар өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мәселелерінің бірі – 2025 жылдан бастап қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға дейін ұлғаюы болды.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Салтанат Рахимова ҚҚС-тың көтерілуіне алаңдаушылық білдіріп, бұл жағдай тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкелетіні сөзсіз екенін айтты.
Оның айтуынша, салық саясатын қайта қарауға қандай себептер негіз болғанын түсіну маңызды және бұл қарапайым халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер етпей ме деген сұрақ туындайды.
«Сіздер бұл қаражат әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады деп айтып отырсыздар. Бірақ қазіргі экономикалық жағдайда мұндай қадам қаншалықты орынды? Қандай болжам бар? Бағалар қаншалықты өседі?», – деп сұрады Салтанат Рахимова.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, атап айтқанда, ҚҚС әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаева бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары қыркүйек айында өткен ауқымды семинар аясында жүргізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, барлық қажетті ақпаратты жергілікті мемлекеттік кірістер департаментінен алуға болатынын айтты.
«Иә, 2025 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға дейін өседі. Алайда бұл ретте бірқатар салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Атап айтқанда, арнайы салық режимін (АСР) қолданатын заңды тұлғалар ҚҚС-тан босатылады. Бұл – шағын бизнеске елеулі қолдау», – деді Айнұр Сартаева.
Сондай-ақ ҚҚС бойынша тіркеу шегі 20 мың АЕК-тен 10 мың АЕК-ке дейін төмендегені нақты айтылды. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, ҚҚС өсуіне байланысты баға 2,5–3%-ға дейін көтерілуі мүмкін.
Кездесу Қаржы, Сауда және интеграция, Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері мен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалог форматында өтті.
Энергетика вице-министрі Санджар Жаркешов мемлекеттің басым бағыттарына тоқталып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен шағын және орта бизнесті дамыту – басты мақсат екенін айтты.
«Біз әкімшілік кедергілерді азайтуға, бизнес қауымдастықпен диалогты кеңейтуге және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға ұмтыламыз», – деді ол.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев 2025–2029 жылдарға арналған энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны таныстырды. Оның айтуынша, бұл шаралар инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, тікелей жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Мамандар қазіргі салықтық және экономикалық реформалардың басты мақсаты – бюджетті толықтыру ғана емес, сонымен қатар бизнес пен қоғам мүдделері теңгерілген тұрақты әрі орнықты экономика қалыптастыру екенін атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: