«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде Кәсіпкерлер палатасы «SMARTEX DF» компаниясына жасыл энергия жолындағы кедергіні еңсеруге көмектесті

2025 жылғы 13 Қазан
- Ақтөбе облысы
170 просмотров

Бүгінгі таңда бизнеске «жасыл» технологияларды енгізу — тек экологиялық жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, сонымен қатар шығындарды азайтудың прагматикалық қадамы. Бұл, әсіресе, электр энергиясы тарифтері еліміздегі ең жоғары өңірлердің бірі саналатын Ақтөбе облысы үшін аса өзекті. Алайда жаңартылатын энергия көздеріне көшу кей жағдайда әкімшілік тосқауылдарға тіреліп, бүкіл жобаның тағдырын тәуекелге қояды. «SMARTEX DF» ЖШС тарихы — Кәсіпкерлер палатасының қолдауы бизнестің жүйелік кедергілерді еңсеріп, энергия тиімді жобаны іске асыруға қалай көмектескенінің айқын мысалы. Бүгінде бұл жоба компанияның электр энергиясына деген сұранысының жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр.

2024 жылдың сәуір айында компания қуаттылығы 100 кВт болатын күн электр станциясын орнатуға 25 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасты. Мамыр айының ортасына қарай монтаж толық аяқталып, «SMARTEX DF» артық энергияны «жасыл тариф» бойынша сату арқылы генерацияны жедел бастауға үміттенген болатын.

Алайда іске қосу жолында бюрократиялық кедергі пайда болды: энергия таратушы «Энергосистема» ұйымы желіге қосылуға техникалық шарт беруден бас тартты. Ресми себеп ретінде «құжаттар пакеті толық емес» және «қосылудың қажеттілігі жоқ» деген уәждер келтірілді.

Бірнеше ай бойы компания қосымша құжаттар ұсынды, тиісті ведомстволармен кездесулер өткізді, қайта-қайта өтініштер жіберді. Соған қарамастан, мәселе шешілмей қалды: энергия таратушы ұйым ережелерде көзделмеген құжаттарды талап етіп, сол себепті техникалық шарт беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Нәтижесінде «SMARTEX DF» ең тиімді кезең саналатын жаз айларында орнатылған жабдықты пайдалана алмады. Есеп бойынша, осы уақытта кәсіпорын шамамен 1 млн теңге үнемдеуден айырылды.

2024 жылдың тамыз айында компания басшысы Талғат Бижанов мәселені Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасына жеткізді. Бұл сұрақ Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысына шығарылды. Палата заңгерлері құқықтық сараптама жүргізіп, энергия таратушы ұйымның талаптарын артық деп танып, желіге қосылуды қамтамасыз етті.

Палатаның жүйелі араласуының нәтижесінде 2024 жылдың қараша айында «Актобеэнергоснаб» ЖШС-мен (кейін – «Энергосистема» ЖШС) электр энергиясын сатып алу-сату шартына қол қойылды.

2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың тамызына дейін «SMARTEX DF» күн электр станциясы 42 921 кВт*сағ электр энергиясын өндірді, бұл шамамен 2,3 млн теңгеге тең. Осы генерация компанияның жалпы тұтынуының 46%-ын жапты.

Бұл бизнес үшін өзіндік құнды айтарлықтай төмендетіп, орнықты дамуға үлес қосты. Жоғары тарифтер жағдайында «жасыл энергетикаға» көшу — инвестициялық қадам ғана емес, стратегиялық маңызы бар үнем құралына айналды.

Компанияның негізгі қызмет бағыты — қойма және кеңсе ғимараттарын салу және жалға беру.

«SMARTEX DF» жағдайы көрсеткендей, дайын технологиялық шешімдердің өзі әкімшілік тосқауылдарға тап болуы мүмкін. Кәсіпкерлер палатасының араласуынсыз компания бүгінде нақты нәтиже беріп отырған жобаны жүзеге асыра алмас еді.

«SMARTEX DF» мысалы — «жасыл» технологияларды дамыту тек бизнес инвестициясын ғана емес, институционалдық қолдауды да талап ететінін дәлелдейді. Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы жүйелік кедергілерді еңсеруде бизнестің сенімді серіктесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұл компанияның тарихы — тек заманауи технологияларды енгізу үлгісі емес, сонымен бірге кәсіпкерлердің құқықтарын тиімді қорғау дағдарысты өсім нүктесіне айналдыра алатынын көрсететін нақты дәлел.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174