«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қақтығыстан – ынтымақтастыққа: ШҚО-да электр желілері тіректеріне қатысты тығырықтан шығу жолы іздестірілуде

2025 жылғы 04 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
244 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында өңірдің телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арналған Сауда және қызметтер кеңесінің отырысы өтті. Талқылаудың басты тақырыбы – электр беру желілері тіректеріне ортақ ілмектерді орналастыру және байланыс операторлары мен IT-компанияларға «БЭСК» АҚ тіректеріне қолжетімділік беру мәселесі болды.

Отырыста бастама көтеріп сөз сөйлеген Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Можанов бұл мәселе тек техникалық қана емес, әлеуметтік сипатқа да ие екенін атап өтті, себебі ол тұрғындардың сапалы мобильді байланыс пен интернетке қол жеткізу құқығына және цифрландыру бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тікелей әсер етеді.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында бірнеше жыл бойы байланыс операторлары «БЭСК» АҚ-ның қарауындағы электр беру желілері тіректеріне талшықты-оптикалық байланыс желілерін орналастыру үшін қолжетімділік ала алмай келеді. Қайта-қайта жолданған өтініштерге қарамастан, операторлар бас тартуға тап болуда, бұл инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуын тежеп, өңірдің байланыс картасында «ақ дақтардың» сақталуына әкелуде.

Өз кезегінде «БЭСК» АҚ өкілдері негізгі мәселелердің бірі – электр желілерінің шамамен 90% тозғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, олар белгілі бір операторларға рұқсат беру нарықтағы басқа қатысушылардың кемсітушілік жөніндегі шағымдарына себеп болуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді. Компания өкілдері үшін басты міндет – облыс тұрғындарын тұрақты және үздіксіз электрмен қамтамасыз ету екенін еске салды.

«Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ инфрақұрылымдық өзара іс-қимыл және өңірлік әріптестік жөніндегі басқарушысы Ирина Валиева мәселені шешуде неғұрлым нысаналы және ымыралы тәсілді ұсынды. Оның пікірінше, барлық тіректерді қатар қарастырудың қажеті жоқ, тек шынымен «ақ дақтар» бар және байланыс желілерін орналастырудың баламалы мүмкіндіктері жоқ учаскелерді анықтау қажет.

«Мұндай жағдайда байланыс операторларымен инвестициялық келісімшарттар жасасып, тіректерді жаңарту, нығайту және кейінгі қызмет көрсетуді бірлесіп жүргізу орынды», – деді Ирина Валиева.

Антимонополиялық ведомство өкілдері өздерінің шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне кедергі келтіруге құқылы емес екенін және инфрақұрылымға қолжетімділікті беру немесе бермеу туралы тікелей нұсқау жасай алмайтынын түсіндірді. Тексеру шаралары тек кәсіпкерлер тарапынан кемсітушуілік немесе бәсекелестік құқықтарының бұзылуы туралы ресми шағымдар болған жағдайда ғана жүргізіледі – дәл осындай сценарийден «БЭСК» АҚ алаңдап отыр.

Бейінді мемлекеттік органдар Энергетика министрлігі, Телекоммуникациялар комитеті және Ұлттық экономика министрлігі бұған дейін қолданыстағы талаптарды сақтай отырып, байланыс құралдарын электр беру тіректеріне орналастырудың нормативтік және техникалық мүмкіндігі бар екенін растағаны атап өтілді.

Өңірдің кейбір елді мекендеріндегі жағдай ерекше алаңдаушылық тудырады, себебі альтернативті байланыс арналары мүлде жоқ. Атап айтқанда, Серебрянск қаласында тұрғындар әлі күнге дейін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілмеген, себебі байланыс желілерін электр желісі тіректеріне орналастыру мүмкін емес болып отыр.

Отырыста прокуратура, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, энергетика және цифрландыру басқармалары, өңірлік депутаттар, байланыс операторлары және «БЭСК» АҚ мамандары қатысты. Қатысушылар мәселені одан әрі созу цифрландыру бағдарламаларының, оның ішінде «Қолжетімді интернет» жобасының іске асуын қатерге төндіріп, өңірдегі цифрлық теңсіздікті күшейтетінін атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша ШҚО Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп тіректерге қолжетімділікті берудің бірыңғай әрі ашық рәсімін әзірлеу, басым учаскелердің тізімін (баламасы жоқ жерлер) қалыптастыру және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту мүмкіндігін бірлескен инвестициялық тетіктер арқылы қарастыру ұсынылды.

Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту қауіпсіздікке, білім алуға, мемлекеттік органдардың жұмысына, бизнеске және халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Қатысушылар Шығыс Қазақстан ұлттық цифрлық даму үдерістерінен қалыс қалмауы тиіс екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174