«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе облысының Іскер әйелдер кеңесі «KözI’m» форумы аясында жыл қорытындылады

2025 жылғы 22 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
289 просмотров

 Ақтөбе облысының Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған «KözI’m» жобасы аясында әйелдер форумы өтті. Іс-шараға Ақтөбе қаласы мен аудандық филиалдардан келген ІӘК-тің белсенді мүшелері — кәсіпкер әйелдер қатысты. Форум ашық диалог, тәжірибе алмасу және заманауи әйелдер көшбасшылығының өзекті сын-қатерлерін талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.

Форум жұмысына өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов қатысты. Ол өз сөзінде әйелдер кәсіпкерлігі бүгінде өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, іскер әйелдердің бастамаларын қолдау — Кәсіпкерлер палатасының жүйелі жұмысының маңызды бөлігі, осы бағытта әйелдер кәсіпкерлігінің салааралық кеңесі жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында келесі жылы "Бір ауыл - бір өнім" жобасын нығайту бойынша бірлескен жұмыс күтіп тұр, -деп атап өтті ол.

Форум бағдарламасы мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған болды. Қатысушылар менталдық тұрақтылық пен өмірлік тепе-теңдік, бизнесті дамытудағы маркетплейстердің мүмкіндіктері, сондай-ақ жаңа жыл қарсаңындағы жеке және кәсіби жаңғыру тақырыптарын талқылады. Облыстық ІӘК төрайымы Күлпаршын Айдарханованың Кеңестің 2025 жылғы қызметі туралы есебі ерекше қызығушылық тудырып, әйелдер қауымдастығының өңір дамуына қосқан үлесін айқын көрсетті.

2025 жыл Іскер әйелдер кеңесі үшін мерейтойлық жыл болды — ұйымның құрылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде Кеңес облыста әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мен қолдаудың негізгі алаңдарының бірі ретінде қалыптасты. Кеңес қызметі тек қала аумағымен шектелмей, ауылдық жерлерді де қамтып, әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін ашуға, білім алуға, кеңес пен бизнесті іске қосу және ауқымын кеңейту үшін нақты қолдау алуға мүмкіндік беріп келеді.

«Жұмыс істеген жылдар ішінде 200-ден астам семинар, тренинг, шеберлік сыныптары мен форумдар өткізілді, ал ауылдық жерлерден шыққан 122 бастаушы кәсіпкер менторлық қолдауға ие болды. 2025 жылы электронды коммерцияны дамытуға, жастарды тартуға және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға ерекше назар аударылды. E-commerce бағдарламалары аясында шамамен 200 әйел оқытудан өтті, ал облыс аудандарында маркетплейстермен жұмыс, қаржылық және цифрлық сауаттылық, SMM және бизнес-психология бағыттары бойынша тұрақты түрде көшпелі семинарлар ұйымдастырылды», — деді спикер.

Маңызды бағыттардың бірі — Кеңестің жастар қанаты болып саналатын «UMAI» жобасының қызметі болды. Бұл жоба облыстың барлық аудандарынан 140 бастаушы кәсіпкер әйелді біріктірді. Қатысушылар көшбасшылық пен басқару, қаржы және маркетинг бойынша білім алып, бизнесте жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар Кеңес аудандарда өткен бизнес-форумдар мен конференциялардың ұйымдастырушысы әрі тең ұйымдастырушысы болды, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, даму институттарымен және қаржы ұйымдарымен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша диалогқа белсенді қатысты.

Форумның шарықтау шегі салтанатты марапаттау рәсімі болды. Қоғамдық маңызы бар және бизнес-жобаларды іске асыруда бастамашылдық пен көшбасшылық танытқан Іскер әйелдер кеңесінің бірқатар белсенді мүшелері мен кәсіпкер әйелдерге алғыс хаттар табысталды. Марапаттар ҚР ҰКП «Атамекен» Президиумының төрағасы Райымбек Баталовтың, ҚР ҰКП Президиумы жанындағы ІӘК төрайымы, Түркі мемлекеттері әйел-кәсіпкерлері кеңесінің төрайымы және «ASMAR» қазақстандық қауымдастығының басшысы Ләззат Рамазанованың, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің атынан табысталды. Сонымен қатар, үш кәсіпкерге "ASMAR" қауымдастығының медальдары табысталды.

Форум жыл қорытындысын шығарып қана қоймай, жаңа идеялар, серіктестіктер мен бастамалар үшін өсу нүктесіне айналды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай алаңдар әйелдер бизнес-қоғамдастығын нығайтып, өзара қолдауды күшейтеді және болашаққа деген сенімді арттырады — бұл жеке кәсіпкер әйелдер үшін де, жалпы өңір үшін де маңызды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174