«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«EAC» белгісінің маңыздылығы: жаңа жылдық сыйлық таңдаудағы қауіпсіздік ережелері

2026 жылғы 05 Қаңтар
1359 просмотров

Сарапшы тұтынушы нені назарда ұстауы керегін түсіндірді.

 

Биыл балаларға арналған жаңа жылдық сыйлық жиынтықтарының бағасы айтарлықтай өсіп, салдарынан ата-аналар арзанын іздеуге мәжбүр болды. Алайда дәл осы тұста орынсыз үнемдеу кейін қымбатқа соғуы мүмкін. Заңды өнімді қауіпті көшірме тауардан қалай ажыратуға болатынын және жапсырмадағы ақпаратты оқығанда нені басты назарда ұстау керектігін «Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің басқарушы директоры Ерік Жалманбетов түсіндірді.

Мереке қарсаңында дүкен сөрелері көздің жауын алатын тәттілер мен сыйлықтарға толады. Бірақ жарқыраған қаптаманың ішінде әрдайым сапалы өнім бола бермейді. Ерік Жалманбетовтің айтуынша, Қазақстан аумағында сатылатын кез келген тағам өнімінің негізгі «құжаты» – сәйкестік туралы декларация.

Зертханалық тексеріс және үш әріптің мәні

Ең алдымен тұтынушы қаптамадан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер нарығында өнімнің айналымына рұқсат беретін бірыңғай белгіге көз салуға тиіс.

«Бұл таңба өнімнің техникалық регламент талаптарына сай екенін дәлелдейтін қатаң бақылау мен зертханалық сынақтардан өткенін көрсетеді. Егер белгі жоқ болса, демек бұл тәттілердің қауіпсіздігі ешбір жерде расталмаған», – дейді Ерік Жалманбетов.

Цифрландыру заманында өндірушінің адалдығын дүкеннің өзінде тексеруге жол ашады. Егер декларация Қазақстанда рәсімделсе, қаптамада QR-код болуы керек: оны смартфонмен сканерлегенде ресми деректер бірден ашылады. Ал өнім одақтағы серіктес елдерден әкелінсе, құжаттары ЕАЭО-ның бірыңғай тізілімі арқылы тексеріледі.

Қаптамада не жазылады?

Маңызды талаптың бірі – тіл туралы заңнаманың сақталуы. Тұтынушыға арналған ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Бұл жай формалдылық емес, азаматтың сатып алып жатқан тауары туралы толық білуге деген заңды құқығы.

Алайда мұнда да ерекшеліктер бар. Мәселен, сусымалы өнімдерге немесе ұсақ дана тауарларға барлық ақпаратты қаптамаға сыйғызу қиын болса, заң қосымша парақша, жапсырма немесе бирка қолдануға мүмкіндік береді. Бірақ ондағы мәлімет толық әрі түсінікті болуы шарт.

Таңбалау талаптарын елемейтін кәсіпкерлер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабына сәйкес, мұндай заңбұзушылықтар айыппұл салуға әкеледі. Дегенмен ең үлкен қауіп – іскерлік беделге нұқсан келуі және балалардың денсаулығына зиян тигізу ықтималдығы.

Нарықтағы шындық біреу: сапалы шикізат – табиғи какао, қауіпсіз майлар, сертификатталған бояғыштар арзан болмайды. Сондықтан шығу тегі күмәнді үлкен қорапты алғаннан гөрі, тексерілген өндірушінің бір сапалы сыйлығын таңдаған дұрыс.

«Атамекен» ҰКП азаматтарға сатушылардан құжаттарды сұраудан тартынбауға және қауіпсіз өнімге деген құқық заңмен қорғалатынын есте ұстауға кеңес береді. Ал қырағылық – қауіпті импорттан сақтанудың ең сенімді жолы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174