«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбыл облысында кәсіпкерлерге сапасыз шай мен балалар тағамын сатуға тыйым салынғаны туралы ескертілді

2026 жылғы 19 Қаңтар
- Жамбыл облысы
1028 просмотров

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік бизнес-қоғамдастық өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Дөңгелек үстелдің басты тақырыбы - ішкі нарықты қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін өнімдерден қорғау шараларын талқылау болды. Жиын барысында Жамбыл облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Ғалымжан Орымбаев баяндама жасады.

Кездесуде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 5 қаңтардағы № 1-БМСД қаулысының ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл құжат тексеру кезінде құрамынан «солнечный закат» сары (Е110), тартразин (Е102) және понсо 4R (Е124) сияқты жол берілмейтін тағамдық бояғыштар табылған қара шайды әкелуге және сатуға уақытша санитариялық тыйым салады. Шай өнімінде мұндай қоспаларды қолдану Кеден одағының тамақ өнімі қауіпсіздігі және оны таңбалау талаптары туралы техникалық регламенттеріне қайшы келеді.

Тыйым салынған өнімдердің қатарына бірнеше өндірушілердің тауарлары ілікті. Олардың ішінде «Orda Trade Astana» ЖШС-нің «Апамның шәйі Premium gold», «Орда Кения» және «Аль-Кайрат» шайлары, сондай-ақ «Real Trade Astana» ЖШС шығаратын «Sultan Suleyman» және «Pakistan tea» маркалары бар. Сонымен қатар, «стоп-листке» «БАЛҚИЯ Premium gold» («Аль-Хадия» ЖК), «Aje Onim» («Кальций» ЖШС тапсырысымен «Орда Чай» ЖК), «Al-Hayat» Gold (Empire KENIY E.P.Z. Limited), «Al-Jannat Premium» («Ferdaus» ЖК) және қаптамасында өндірушісі мүлдем көрсетілмеген «Alfarah» шайы енгізілді.

Бөлек блок ретінде балалар тағамының қауіпсіздігі тақырыбы қозғалды. «Nestlé Food Kazakhstan» компаниясының ресми хабарламасына сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстан нарығынан өнімнің белгілі бір топтамаларын кері қайтарып алу шаралары жүргізілуде. Кәсіпкерлерге мұндай хабарламаларға жедел әрекет ету және сауда сөрелерінде қауіпті болуы мүмкін тауарлардың тұруына жол бермеу қажеттілігі ескертілді.

Кездесуге қатысушылар өнім мониторингі тетіктері мен Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарының сақталуын талқылап, пікірталасқа белсенді қатысты. Жиын соңында департамент мамандары кәсіпкерлердің барлық сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, бақылауды күшейту ең алдымен өңір халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174