«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

СЭҚ пен бизнес: неге сауда нысандарында өндірістік бақылау бойынша сұрақтар көп?

2026 жылғы 27 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
523 просмотров

Кәсіпкерлерге өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қатысты санитариялық-эпидемиологиялық заңнама талаптары түсіндірілді. Негізгі назар санитариялық нормалардың сақталуы тұтынушылардың қауіпсіздігі мен бизнестің тұрақтылығына тікелей әсер ететін қоғамдық тамақтану және сауда нысандарына аударылды.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерінің айтуынша, өндірістік бақылау меншік нысанына, қуатына және қызмет форматына қарамастан, қоғамдық тамақтану мен сауда саласындағы барлық объектілер үшін міндетті. Ол азық-түлік өнімдерінің айналымындағы барлық кезеңдерді – шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімдер мен тауарларды сатуға дейін қамтиды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген талдау санитариялық заңнама талаптарының жалпы алғанда сақталып отырғанын көрсетті. Алайда, әсіресе сауда нысандарында бірқатар проблемалық мәселелердің сақталып отырғаны атап өтілді.

«Бүгінде өндірістік бақылау бағдарламасының болуы ғана емес, оның нақты орындалуы да ерекше маңызға ие: жүйелі зертханалық зерттеулер жүргізу, сақтау шарттарын бақылау, жабдықтарды тексеру, құжаттаманы дұрыс жүргізу қажет», – деп атап өтті спикерлер.

Сұрақтардың ең көбі сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерден түсті. Бизнес өкілдері талаптарды іс жүзінде орындау барысында кездесетін қиындықтарды ашық айтты.

Негізгі мәселелердің бірі – электрондық базаның жұмысы.

«Электрондық жүйе әзірге сауда нысандарының ерекшеліктерін толық ескермейді. Деректердің дұрыс көрсетілуі, объектілерді жіктеу және ақпарат енгізу барысында қиындықтар туындайды. Жаңа электрондық базада сауда нысандарының басым бөлігі жоғары тәуекел тобына енгізілген», – деп хабарлады кәсіпкерлер.

Бизнес өкілдерінің пікірінше, электрондық базадағы техникалық олқылықтар қосымша тәуекелдер туғызып, әкімшілік жүктемені арттырады.

Кәсіпкер мен тағайындалған жауапты қызметкер арасындағы жауапкершілікті шектеу мәселесі де қызу талқыланды.

«Көптеген сауда нысандарында өндірістік бақылау функциялары нақты қызметкерлерге бұйрықтар мен лауазымдық нұсқаулықтар арқылы бекітілген. Кәсіпкерлерді заңбұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілікті кім көтеретіні – басшы ма, әлде тағайындалған жауапты тұлға ма – деген сұрақ толғандырады», – деп айтылды талқылау барысында.

Бұл мәселе әсіресе ірі нысандар мен желілік сауда форматтары үшін өзекті.

Санитариялық қағидаларға сәйкес сауда нысандарында мыналарға бақылау жүргізіледі: өнімді сақтау шарттары мен температуралық режимдерге; сауда жабдықтары мен мүкәммалдың жай-күйіне; бақылау-өлшеу құралдарының тексерілу жиілігіне; үй-жайлардың санитариялық жағдайына; персоналдың гигиеналық талаптарды сақтауына.

Өндірістік бақылау нәтижелері санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің аумақтық бөлімшелеріне жарты жылда бір рет – есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-іне дейін ұсынылуы тиіс.

«Санитариялық талаптарды сақтау – ең алдымен тұтынушылар алдындағы жауапкершілік пен бизнестің беделі мәселесі. Ал жауапкершілікті бөлу әрбір нақты жағдайда жеке қаралады», – деп атап өтті СЭҚ өкілдері.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханованың айтуынша, кәсіпкерлер көтерген мәселелер нормаларды одан әрі түсіндіру, электрондық сервистерді жетілдіру және жауапкершілік тетіктерін неғұрлым нақты реттеу қажеттігін көрсетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174