«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ережеге сай келмейтін байқау

2016 жылғы 10 Ақпан
- Жамбыл облысы
6925 просмотров

Талас ауданының шенеуніктері «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң ережелерін өзінше түсіндіруде

Олар тендерге қатысушыларды еш қажеті жоқ құжаттар жинауға мәжбүрлеген. Тек өңірлік кәсіпкерлік палатасының жергілікті филиалының араласуынан кейін ғана Кеңес ауылдық әкімдігі біраз ауыздықталғандай болды. Ал жақында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың барлық белгілері бар бұл оқиғаға соңғы нүкте қойылды

Оқиға Талас ауданы Кеңес ауылдық округі әкімі аппаратының аумақ қоршауын жөндеу бойынша қызметтерді сатып алу мақсатында баға ұсыныстарын сұрау тәсілімен мемлекеттік байқау жариялауынан басталды. «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның 31 бабының 1 тармағына сәйкес кәсіпорын баға ұсыныстарын көрсету мерзімі аяқталғанға бес күн қалғанда веб-порталға хабарландыруын орналастырады.

Ең қызығы осы тұста басталады. Әлде заңбілмеушілік салдарынан, әлде қажетсіз бәсекелестерді болдырмау мақсатында дейміз бе, әйтеуір тапсырыс беруші талаптары қатарына қосымша «Сапа менеджменті» мен  «Отандық жұмыс және қызмет түрін ұсынушы куәлігін» ұсыну міндеті қосылған. Сонымен бірге бұл құжаттар болмаса жеңімпаз жұмысты орындай алмайтындығы қатаң түрде ескертілген.

Осылайша 31 бап талаптарын елемеумен қатар, 8 баптың 9 тармағы өрескел бұзылып отыр, онда баға ұсыныстарын сұрау тәсілі арқылы мемлекеттік тапсырысқа қатысушы әлеуетті кәсіпкерлер олардан біліктілікті талап ететін құжаттарды ұсынуға міндеттелмейді деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Сондай-ақ әкімдіктің тауардың, қызмет және жұмыс түрлерінің, лицензиялардың техникалық сипаттамасын куәландыратын құжаттарды сұратуы қисынға келмейді және орындаушы мүддесіне қарай түсіндірілуі мүмкін. Басқаша айтқанда, бұл әрекет құрамында жемқорлықтың ізі бар, себебі «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12 бабы 1 тармағының 8 тармақшасына сәйкес жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа жеке немесе заңды тұлғалардан заңнамада қарастырылмаған ақпарат ұсынуды талап ету жатады.

Жоғарыда айтылған жайттарды түйіндер болсақ, тапсырыс беруші ретіндегі Кеңес ауылдық округінің әкімі Болатжан Дуанбек мемлекеттік сатып алушыларды құқықтық реттеу қағидасын, дәлірек айтсақ, мемлекеттік сатып алулар рәсіміне қатысуға ниетті әлеуетті орындаушыларға бірдей мүмкіндіктер ұсыну, әлеуетті орындаушылар арасында әділ бәсекелестік орнату үшін жағдайлар жасау, мемлекеттік сатып алулар рәсімінің айқындығы қағидаларын бұзып отыр.

Бұл фактілердің барлығы байқауға Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы қызығушылық танытқаннан кейін анықталған. Талас филиалының жетекшісі Абылай Баизатов тез арада аудан прокуроры Илияс Тойшыбековке хат жазып, әділдік шамын жақты. Прокурор бұл іске Талас ауданы әкімі Болат Рысмеңдиевті араластырып, одан заңбұзушылықты жою және кінәлілерді жазалауды сұрады. Тойшыбеков мемлекеттік сатып алулар құжаттарын әзірлеген Кеңес ауылдық округі әкімі аппаратының есепшісі, бас маман Жансая Серікбаеваны әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Нәтижесінде, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерін тәртіптік жазаға тарту Ережелерінің» тиісті баптарына, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Қазақстандағы мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына, сонымен бірге «Жемқорлықпен күрес туралы» заңның 12 бабы 1 тармағы 8 тармақшасына сәйкес Кеңес ауылдық округі әкімі Жансая Серікбаеваға толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту жасады. Соңында бәріне кінәлі есепші болып шықты. Бұл тұста Б.Дуанбектің өзі қайда қарап жүр деген сұрақ туындайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер