«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шағын бизнес ӨКП көмегіне мұқтаж

2016 жылғы 10 Маусым
- Жамбыл облысы
6935 просмотров

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері, оған 10 мың бизнесмен келіп жүгінген

Бұл туралы Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының 2013-2016 жылдары атқарған жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихаты барысында Палата директоры Қарлығаш Аралбекова айтып берді.

Шараға Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров те қатысты. Ол Өңірлік кеңестің қызметі мен жұмысы туралы айтып берді.

«Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңеске есеп беруге міндетті. Оның мүшелері ай сайынғы отырыстар кезінде Палата бюджетін бекітіп, ұсталған қаражатты бақылайды, бизнес мәселелерін көтереді және бұл проблемалармен кейіннен Палата айналысады, сондай-ақ, Палата мен оның өңірлік филиалдарының қызметі аясында Ұлттық палатаның міндеттерді орындауы мен мақсатқа жету барысын бақылайды, – деді ол. – Жыл басынан бері Өңірлік кеңестің бес отырысы, ал 2015 жылы 16 отырысы өтті. Әр отырыста біздің назарымызға өңірдегі бизнестің ең өзекті әрі маңызды мәселелері талқыға салынды».

«Есеп беру кезеңінде Жамбыл облысы КП-на барлығы 10004 кәсіпкер келіп жүгінді. Оның 435-і құқық қорғау, 9 437-і экономикалық мәселелер бойынша, 132-і әлеуметтік мәселелерге қатысты шағым айтты», – деді ол журналистерге.

Бұл тұста Кәсіпкерлер палатасына шағым түсіргендердің 98,7%-ы шағын бизнес өкілдері, 1,12 %-ы орта бизнес басшылары мен кәсіпкерлер, 0,1%-ы ірі бизнесмендер болған.

«Мұны ірі және орта шағын компаниялар штатында заңгерлердің де, экономистердің де болуымен түсіндіруге болады, сондықтан Кәсіпкерлер палатасына олар жүйелі мәселелерді шешу үшін, мысалы, заңнаманы өзгертуге және т.б. көмек сұрай келеді. Ал шағын бизнестің толыққанды жетілмеуі себебінен, көптеген салаларда тәжірибесінің жоқтығынан, сонымен бірге, жай ғана түрлі сарапшылар көмегіне жүгінуге қаражаты жетпегендіктен, біздің сарапшылардың көмегіне жүгінеді», – деді Қарлығаш Аралбекова. Бұдан басқа, Жамбыл облысының ерекшелігі сонда, облыстағы 67 378 бизнес субъектілерінің 99,4%-ы (66 991 субъект) шағын кәсіпкерлер; орта бизнесте 309 субъект немесе 0,5% болса, ірі бизнес субъектілерінің саны – 78 немесе 0,1 %.

Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, құқықтық сипаттағы 191 мәселе оң шешімін тауып, бизнес құқығы жалпы сомасы 3 913,3 млн теңгеге қорғалып қалған.

«Кәсіпкерлер палатасы тұрақты түрде нормативті-құқықтық актілер жобаларының сараптамасын жүргізеді, – деді ол. – Барлығы 419 НҚА жобасы қаралып, олардың 47-і қайта түзетуге жіберіліп, 372-не сарапшылық қорытындылар ұсынылды.  Сонымен бірге, органдардың кеңес беру-кеңесші комиссияларында Палата мен бизнес-қоғамдастықтың 65 өкілі қатысады, оның ішінде: Палатаның 7 қызметкері, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі мен бизнес-қоғамдастықтың 13 өкілі бар. Палата барлығы 49 ККО-ға қатысады».

Кәсіпкерлер палатасының директорының айтуынша, жұмыстың басты бағыты ретінде «Бизнестің жол картасы – 2020» Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының «Кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылай емес шаралары» атты төртінші бағыты аясында бизнеске сервистік қолдау көрсетуді атауға болады. Сервистік қолдау экономиканың барлық секторында әрекет ететін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тегін ұсынылады. Тараз қаласында бизнесмендерге қызмет көрсететін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында осыған дейін 3269 кәсіпкерге түрлі қызмет түрлері көрсетілген. Бұдан бөлек, облыстың барлық аудандарында Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары мен Кәсіпкерлер палатасы жұмыс жасайды, олар бизнесті ақпараттық және консалтингтік қызметтер кешенімен қамтамасыз етіп, тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға және өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға атсалысады. Есеп беру кезеңі бойынша, КҚО 10 015 бизнесмен және бизнес бастағысы келетін жандарға  22 303 кеңес беру өткізіп, 979 жобаға қолдау көрсеткен. 

«Кәсіпкерлер палатасы «Бизнес-мектеп» компонентін екі жыл қатарынан өткізіп келеді. Бұл бағдарлама өз ішіне түрлі курстар мен тренингтерді қамтиды. Осы уақыт аралығында барлығы 1 915 адам курстан өтті. Мәселен, «Бизнес-Кеңесші» жедел курсына екі жыл ішінде 1 725 адам қатысса, «Жобалық оқыту» курсынан 65 адам өтті, ал «Бизнес-Өсу» курсына 125 бизнесмен қатысты», – деді директор.

Оның хабарлауынша, КҚО 2016 жылдың басынан бері жалпы сомасы 1,9 млрд теңге болатын 265 ШОБ жобаларына қолдау көрсеткен. Мысалы, Талас ауданының «Қаһар» ШҚ мен Жамбыл ауданының «Берікқожа» ШҚ-на лизингке техника алуға көмек берілген. Шу қаласындағы «Пульс және Компания» ЖШС-нің жобасына «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша алдын ала 14 млн теңге тұратын бизнес-жоспарды құру арқылы толыққанды қолдау көрсетіліп, медициналық орталық ашуға көмек берілген. Талас ауданының кәсіпкері Әлмұқан Жұмағұл психология элементтері бар ағылшын тілін оқытудың бірегей курстарын ашқан. «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқыған ол, өз бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін 2 млн теңгелік грантқа ие болған.  Кәсіпкерлер палатасы басшысының ақпараты бойынша, мемлекеттік сатып алулар саласында қыруар жұмыс атқарылған.

Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке мен Палата директоры Қарлығаш Аралбекованың тең төрағалығымен «Жамбыл облысы мемлекеттік органдарының, ұлттық компаниялардың және кәсіпорындарының сатып алуларындағы жергілікті құрамды бақылау жөніндегі» жұмыс комиссиясы құрылған.

Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезіндегі жергілікті құрамды арттыру мақсатында сәуір-мамыр айларында әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру және құрылыс салаларында төрт отырыс өтіп, нәтижесінде төрт хаттамаға қол қойылған.

Қаржылық басқарма ұсынған  2016 жылдың 1 сәуіріндегі деректер бойынша, облыста құны 12,145 млн теңгеге тең 7 773 мемлекеттік сатып алу жүзеге асқан. Жамбыл облысы бойынша тауарлар, қызметтер мен қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алу кезіндегі қазақстандық құрамның жалпы үлесі 86%-ға тең болған, оның 52%-ы Жамбыл облысындағы тауар өндірушілерге тиесілі болған.

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы өзара әрекеттестік туралы Келісімді жүзеге асыру мақсатында квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларындағы жергілікті құрам үлесін арттыру жөніндегі комиссия құрылып, ол бүгінгі күні үш отырыс өткізіп үлгерген.

Палата мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуда да елеулі үлес қосып келеді. 2016 жылы жалпы құны 2 380,4 млн теңге болатын алты жобаны іске асыру көзделіп отыр екен. 1 жобаның құны әлі анықталмаған. Кәсіпкерлер палатасы МЖС жобаларын іске асыру кезіндегі әлеуетті жекеменшік  серіктес саналатын кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін жасау бойынша жұмыс атқаруда. Қазіргі күні тізімге 15 бизнесмен еніп отыр. Бұл тұста Кәсіпкерлер палатасы өңірде жоспарланған барлық инвестициялық жобалардың МЖС механизмі бойынша жүзеге асыру мүмкіндіктерін талдайды, мемлекеттің баасқаруындағы нысандардың МЖС механизмдері арқылы басқаруға берілу мүмкіндіктеріне талдау жасайды.

Кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі – адам капиталын дамыту.

«Палата Жамбыл облысы бойынша Дуальды оқытудың жол картасын жасап шығарды. Дуальды оқыту жүйесі бойынша кадрларды даярлау 27 (56,2%) колледждегі 1464 студентті қамтып отыр. 9 сала бойынша 132 кәсіпорынмен 179 шарт жасалды. ӨКП ұсынысы бойынша колледждер сұранысына қатысты 5 жаңа техникалық мамандықтар ашылды», – деді Қарлығаш Аралбекова.

Дуальды оқытудың жол картасы аясында Тараз химия-технологиялық колледжі «Қазфосфат» ЖШС-нің ұжымдық басқаруына берілген. Колледж өңірдегі «Қазфосфат» ЖШС, «Talas Investment Company», «Еврохим-Қаратау», Еврохим-Тыңайтқыштар», «Тараз химиялық паркі» ЕЭА, «Таразхим монтаж» және т.б. химиялық кәсіпорындар үшін кадрларды даярлаудағы базалық оқу орны ретінде белгіленген. Бұдан бөлек, Жамбыл политехникалық колледжі Трир қаласы Қолөнер палатасының дуальды оқыту жүйесін енгізу жөніндегі халықаралық жоба қатысушысы саналады. Бұл жоба шеңберінде  «Электр механигі» мамандығының 3-курсындағы 24 білім алушы облыстағы алты компаниядан келген тәлімгерлер бекітілген оқушы орындарымен қамтамасыз етілген. 

Кәсіпкерлер палатасының директоры, сонымен бірге, Палатаның екі жыл қатарынан «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауын  ұйымдастырып, сондай-ақ «Алтын сапа» ҚР Президентінің сыйлығынан үміткерлерге арналған байқауға қатысуға бизнесмендерді даярлаумен айналысып келгенін еске салды. «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауын биыл  27 шілдеде өткізу жоспарланып отыр, қатысуға алдын ала 60 компания өтінім берген.

Есепте Кәсіпкерлер палатасына 2015 жылдың наурызынан бастап экспорт пен ішкі айналым үшін тауарлардың шыққан тегі туралы сертификаттар (ТШС) беру функциясы берілгені айтылды. 2015 жылдың 1 наурызы  мен 2016 жылдың 1 шілдесі аралығында Палата сарапшылары 286 клиентке қызмет көрсетіп, 1549 ТШС берілген, олардың 1326-ы тауар экспортына лайықталса, 223-і ішкі айналымға арналған (CT-KZ сертификаттары).

2015 жылдың наурызында Палата жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің тындырған жұмысы да аз емес. Кеңестің жұмыс тобы облыстың барлық аудандарына барып, нәтижесінде ауданның 74 бизнесвуменіне арнап тесттік алаң ұйымдастырған, онда олар өз тауарлары мен қызметтерімен таныстыра алды. Бұл аталған сапарлардың маңызды нәтижесі деп бағалауға тұрарлық. «Біз өз ісін ашуға көмектесіп, оның барлық кезеңдерінде қолдау көрсеткен аудандағы 25 кәсіпкер әйел «ЭКСПО-2017» жобаларына қатысатын болады», – деді Қарлығаш Аралбекова.

Оның берген ақпараты бойынша, Кеңес жоспарында оң нәтижелерге ие стартап-жобаларды қолдау, ауыл бизнесвумендеріне арнап оқыту тренингтерін, семинарлар, кеңес берулер ұйымдастыру, тек жергілікті тауарларды сатумен айналысатын  Tarazstore.kz дүкенін ашу, сонымен бірге өңірлер мен аудандар арасында ақпарат алмасуға арналған UMAI  интернет-порталын ашу бар.

Журналистер сұрақтарына жауап бере отырып, директор облыстағы туризм саласындағы жаңғырту бойынша атқарылған жұмыс туралы әңгімелеп берді, сонымен бірге кәсіпкерлік ортада Таразда жаңа типография, оның ішінде МЖС аясында ашу идеясын ілгерілетуге уәде берді. Себебі қажеттілік туындап отыр.

Өңірлік кеңес төрағасына да бірқатар сұрақтар қойылды. Мәселен, журналистер Тараз химмия-технологиялық колледжді ұжымдық басқару тәжірибесі туралы айтып беруді сұрады. Мұқаш Ескендіровтың айтуынша, ұжымдық басқарудың басты мақсаты – дуальды оқыту жүйесін қолдану арқылы қажетті әрі бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларды даярлау. Бүгінгі таңда ӨКП мен «Қазфосфат» ЖШС-ның ұжымдық басқару жөніндегі шаралар жоспары бекітіліп, компания білім алушыларды тамақтандыру және киіндіру мәселесін шешті, сонымен бірге колледжде тәжірибелік-зертханалық сабақтарды өткізетін кәсіпорыннан бес тәлімгер бөлінді.


Ұқсас жаңалықтар:

Бизнес үшін оңтайлы орта құру қажет
14 Маусым
2016
Шығыс Қазақстан облысы
Бизнеске тың серпін қажет
14 Маусым
2016
Маңғыстау облысы
Бүгінгі студент – ертеңгі шебер
13 Маусым
2016
Ақмола облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер