«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ирандық күріш сұрпы сарапталуда

2016 жылғы 05 Қыркүйек
13159 просмотров

Қазір өңірде шетелге шығарылатын күріштің жаңа түрлері сынақтан өткізіліп жатыр

Қызылорда облысында күріш алқаптарының өнімділігі өсіп келеді. «Егер 1991 жылмен салыстыратын болсақ, өнімділік 12%-ға көбейді. Ал егер соңғы үш жылды алатын болсақ, жалпы күріш өндірісі үш есеге артты. Біз жыл сайын 400 мың тонна күріш өндіріп келеміз», – деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов palata.kz порталына берген сұхбатында. Ол мұның тек қана ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтеп қана қоймай, күрішті экспорттауға да мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бақыт Жақановтың мәліметінше, бүгінде қызылордалық күріш Әзірбайжан, Түркіменстан, Армения, Тәжікстан, Ауғанстан сынды елдерге экспортталады. «Бұл елдерге біз экспорттауды әуел бастан жүргізіп келеміз. Ресейге де аз мөлшерде тасымалдаймыз. Кейде Еуропаға да экспорттаймыз», – деді Басқарма басшысы.

Ол сұхбат барысында қызылордалық күріштің басты бәсекелесі ретінде ресейлік әріптестерін атады. Өйткені біздің және ресейлік күріштің генетикасы бірдей. «Біз Қытаймен де, жоғары сапалы күріш өндіретін Өзбекстанмен де бәсекелеспейміз. Әр елдің тағамға деген талғамы әртүрлі. Мысалы үшін, ирандықтар біздің күрішімізді жемейді. Олар күрішті мүлдем бөлек тағамдар жасауға пайдаланады. Олар дәстүрлі қызылордалық күрішті, посткеңестік елдер сүйсініп жейтін күріш ботқасын да жемейді», – деп атап өтті Бақыт Жақанов.

Басқарма басшысы: «Олардың жақсы көріп жейтін өнімін, олар қуана қабылдайтын өнім сұрыптарын ұсынуымыз керек», – деп есептейді.

«Сол себепті біз қазір сол елдерде сұранысқа ие сұрыптарды өндіруге бел буып отырмыз. Біз ол кезде бәсекелеске емес, табысты кәсіпорынға айналамыз», – деді Бақыт Жақанов.

Қазір Қызылорда облысының күріш өндірушілері күріштің ирандық сұрпын сынақтан өткізіп жатыр. «Біз осы күріш түрінің біздің елімізде қалай өсетінін көргіміз келеді. Егер ол жерсінетін болса, біз Иранға өздері жақсы көретін күріш түрін сата аламыз»,– деп түсіндірді Бақыт Жақанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер