«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шипажайларды күйрете жаздаған өзгеріс

2016 жылғы 07 Желтоқсан
- Жамбыл облысы
9244 просмотров

ҚР Салық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер Жамбыл облысындағы шипажайлар мен өзге де әлеуметтік нысандарды банкротқа ұшырата жаздады 

Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқын қорғау үшін күресті.

Биыл жазда дәл демалыс маусымы қызып тұрған шақта Қазақстанда көптеген шипажай-емдеу мекемелері пайдалы қазбаларға (жерасты суларына) салынған салық хабарламаларының аяқ астынан миллиондап келгеніне наразылық танытты. 

Ең бірінші болып Жамбыл облысына қарасты Меркі ауданындағы шипажай, Кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалына шағым түсіріп, дабыл қақты. Меркі ауданындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығының қызметкері Нұржан Шойбек жағдайды түсінуге барын салды, себебі «Мерке» шипажайына Меркі аудандық Мемлекеттік кіріс департаменті пайдалы қазбаларды пайдалану салығын І тоқсан бойынша 45 миллион 945 мың теңге деп жібергендіктен, тезірек араласуға тура келген. 2016 жылдың қаңтарынан бастап пайдалы қазбаларға салынатын салықты есептеу тәсілі өзгертілгені анықталады. ҚР Салық кодексінің 342 бабының ескі редакциясында пайдалы қазбалар санатындағы жерасты суларына салынатын салық өлшемі 10,6% болған, бұл өлшем жерасты суларын салық мерзімі кезінде пайдаланудың орташа көлемінің ақысына тең еді. Жаңа редакцияда нақты төлем құны көрсетілген, онда бір текше метрден алынған жерасты суларына бекітілген мөлшерлеме 1 АЕК-ке (2121 теңгеге) тең. Жеке санаттағы кен өндірушілердің нақты тізімі бар, олар пайдалы қазбаларды салықтың 0,1%, 0,3%, 25% көрсеткішіне сай төлейді. Өкінішке қарай жекеменшігінде бұрғылау ұңғымалары бар шипажай-емдеу мекемелері жоғарыда көрсетілген «төмендетілген төлем» санаттарының ешбіріне сай келмейді екен.       

«Мерке» шипажайы ұсынатын бальнеологиялық үдерістердің көпшілігі жерасты радон суларына сүйенеді, – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Меркі аудандық филиалының директоры Лиза Әзізбекова. – Егер шипажай пайдалы қазба салығын 1 АЕК есебінде төлейтін болса, онда шипажай табатын барлық табыс тек салық төлеуге кетеді, өзге міндеттерді орындау қиындық туғызады, оның ақыры шипажайды банкротқа ұшыратары сөзсіз. Алдын ала жасалған есеп бойынша шипажай-емдеу мекемелерінің қызметін пайдалы қазбалар салығын төлеуге сай көтеретін болса, онда бір жолдаманың құны 400 мың теңгеге дейін шарықтап кетеді екен. Мұндай ақша тұрғындар үшін тым қомақты, сондықтан біз тек қазақстандық шипажайлармен ғана емес, танымал шетелдік шипажайлармен де бәсекеге түсе алмай қаламыз».   

Дәл осындай күйді тағы бір меркілік шипажай – «Ақ ниет» ЖШС басынан өткеріп отыр.  

Барлық құжаттар жедел түрде Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасына көрсетіліп, Палата қызметкерлеріне өз кезегінде жылдам әрекет жасауға тур келді, себебі бұл кезде кәсіпкерлерге ІІ тоқсанның салығын төле деген хабарлама келетін еді.

Осы мәселе бойынша палатаға кәсіпкерлер тарапынан шағым көптеп түсе бастады – «Мерке сыр зауыты» ЖШС, «Арлан» ЖШС, «Жамбыл» қонақ үйі» ЖШС және т.б. Барлық хабарламаларда салық мөлшері тым көп есептелгендіктен, кәсіпорын жабылудың сәл-ақ алдында тұрды. Мәселен, Меркі сыр зауыты І тоқсанға 124 миллион 573 мың теңге салық төлеуі тиіс болып шыққан.  

«Бұл мәселені Кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің жиналысында көтердік. Оның жүйелі түрде кәсіпкерлерді мазалап жатқанын айтып, әкімшілік кедергілер реестріне тіркедік. Содан соң ҚР Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу бастамасын көтерсін деп «Атамекен» ҚР ҰКП-ға жібердік», – дейді Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов.

Қараша айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының шипажайлар, балалар лагерьлері, әлеуметтік нысандар үшін пайдалы қазба салығын кеміту туралы ұсынысын Парламент қолдады. Сәл кейінірек, «Қазақстан Республикасының салық төлеу және кедендік әкімшілендіру бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгзу» жөніндегі заңға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.

«Атамекен» ҚР ҰКП-ға Қазақстан Республикасының Салық кодексіне тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу бастамасын көтергені үшін зор алғыс білдіреміз», – делінген «Мерке шипажайы» АҚ бас директоры А.Момбековтың «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың атына жолдаған Алғыс хатында. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер