«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әуестік кәсіпке айналғанда

2016 жылғы 15 Шілде
- Жамбыл облысы
11617 просмотров

Тараз қаласының тұрғыны Құралай Әуелбекова өз кәсібін декреттік демалыста отырып ашқан.

Жаңа үйіне арнап өз қолымен тіккен құрақ көрпелерін келген қонақтар жиі мақтайды. Сол қонақтар ісмер келіншектің алғашқы клиентіне айналды. Биыл кәсіпкер келіншек өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысып, қолынан шыққан бұйымдарын қазылар алқасының назарына ұсынды.

– «Өз кәсібімді бастасам» деген ой қашан туды?

–  Біздің  компания ресми түрде 2014 жылдың маусымынан бері істеп келеді. Бірақ іс тігу менің өмірлік әуестігім ғой. Мен қайынсіңлілеріме, сіңлілеріме талай рет жасау тігіп бердім. Өзіміз жаңа үйге көшкен кезде де көп көрпе тіктім. Қонақтар көзайым болсын дедім. Шынында да көбіне ұнады. Үйге құтты болсын айтып келгендердің біразы көрпе тігіп бер деп тапсырыс беріп кетті. Ол кезде декреттік демалыста едім. Жарайды деп келісе салдым. Оның үстіне қонақтарға жоқ деп айту ыңғайсыз еді. Осыны көрген соң күйеуім өз ісіңді аш деп ақыл айтты. Бастапқы кезде менің сатып алушыларым тек туыстар болды. Оларға мың алғыс! Олар мені қолдады, өзіме сенуіме мүмкіндік берді! Бүгін бұл жай әуестік емес, керегесін кеңейтіп жатқан кәсіпке айналды. Өзімнің клиенттік базам бар, маған деген сенім бар. Ең жақсы жарнама – бұл сапа. Бір рет сатып алған адам сосын артынша туыстарын ертіп келіп жатады. Қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс алып жатырмыз.

– Тігетін заттарыңыз туралы айтсаңыз?

– Біз қыздың жасауына керектінің бәрін тігеміз. Ең бастысы, әрі ең жақсы көретінім құрақ көрпе. Бір адамдық, екі адамдық үлкен көрпелер де тігеміз, махаббат көрпе, қоржын, шымылдық және т.б.

– Сіздің жеке кәсіпкер ретіндегі ісіңіздің ерекшелігі неде?

– Біріншіден, біз сапаға көп көңіл бөлеміз. Екіншіден, өзгеше дизайнға мән береміз. Бәсекелестердің бұйымдарын қайталамауға тырысамыз. Соған қоса дәстүрлі оюды заманауи бедермен өрнектеуге тырысамыз.

– Қызметкерлеріңіз туралы айта кетсеңіз, қанша адам жұмыс істейді, тігінді қалай үйретесіз, біліктілігін қалай көтересіз, оларға қандай жағдай жасап отырсыз?

– Біздің компанияда менен басқа тағы алты адам қызмет етеді. Төрт шебер, екі көмекші бар. Тәжірибесі бар шеберлер келгенде оларға бірдеңе үйретудің реті жоқ деп білем. Жаңадан келген адамдарға бәрін үйретеміз. Жалақылары істеген істеріне сай деп ойлаймын: 30-60 мың теңге аралығында. Ол да біліктілігіне қарай. Бәріміз бір отбасының адамдарындай жұмыс істейміз.

– Түрлі байқауларға жиі қатысып тұрасыз ба? Қандай марапаттарыңыз бар?

– Байқауға қатысқан ұнайды. Биылғы сәуір айында Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесі алаңында өткен «UMAI» жобасына қатыстым. Әзірге жас командамызда марапат жоқ. Бірақ бәрі алда деген сенімдеміз!

– «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесін қалай бағалайсыз? Ол сіздің бизнеске не береді? Не күтесіз?

– Бұл байқау-көрме жалпы бизнес үшін берері мол байқау. Өз кәсібімді жетілдіруге серпін береді. Менің ісімді биік белестерге жетелейді. Ол бізге ынтымағы жарасқан команда болуға ынталандырады. Бұдан да көп клиенттердің көңілінен шығуға мүмкіндік береді. Өзімізге сенімді болуға көмектеседі. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер